Өз Отандарына отансүйгіштіктің таңғажайып түрлері мен рух күштерін көрсетіп гитлерлік басып алушыларға қарсы ер азаматтармен қоса әйел адамдар да майдан алаңына шықты. Олар мергендер, атқыштар, пулеметшілер, ұшқыштар, радиошылар, әрекет етуші әскер құрамы мен партизандық қатарлардағы барлаушылар болып, ер адамдармен тең дәрежеде соғыстың бар қиындықтарын көрген. 800 мыңға жақын әйел адамдар фашисттармен майдан алаңына шықты. Олар түрлі жасақтарда қызмет атқарды – көбісі госпитальдарда болды.
Фашистік Германияның Кеңестер Одағына шабуылынан кейінгі екінші күні республикамыздың әскери комиссариаттарына мыңдаған әйел адамдар майданға кетуге сұранып өтініш жазған.
Ұлы Отан соғысының ең қиын кезеңі – 1942 жылы Қарағандыдан 50 қыз өз еркімен тіленіп майданға аттанды. Олардың барлығы комсомол болды. Бірқатары 10 сынып оқушылары болатын. Мектеп бітірушілер майданға бару үшін емтихандарын мерзімнен бұрын тапсырып, кәмлеттік аттестаттарын үш ай бұрын алды. Ел қорғауға өз еріктерімен аттанған қыздардың басым бөлігі Қарағанды қаласының С.М.Киров атындағы №1 орта мектебінің түлектері еді. Олардың ерліктері туралы бүгінгі жас толқын білуге тиіс. Өйткені ерлік салты елге – мұра, ұрпаққа ұран.
Ұсынылып отырған өлкетанулық «Қарағандының жауынгер қыздары» ресурсы қаһарлы жылда ел қорғауға аттанған жалынды патриот қыздардың жауынгерлік жолы қандай болды, Ұлы Жеңістен кейінгі олардың тағдырлары қалай қалыптасты деген сұрақтарға жауап береді.
Сонымен бірге бұл ресурстан таңның атысынан қара кешке дейін еңбек еткен тыл еңбеккерлері жайында да мәліметтер келтірілген. Яғни майдан даласындағы әскери құрамаларға демеу қарағандылық қыз-келіншектер тылдағы ерен еңбек үлгісін көрсеткен жандар болып табылады.
Олар атқа мініп мал баққан, сауып отырған сиырын соқаға жегіп жер жыртқан, шөп шапқан. Зауыт, фабрикалардың станоктарын зыр қақтырып, тау қопарып, тас бұзған. Қос уыс талқанды талғажу етіп, қара суды сусын қылған, ашпын, жалаңашпын деп налымаған, кейімеген де осы қыз-келіншектер болатын.
Бұл ресурстардағы материалдарды жинақтауда өлкетану бөлімінің кітап қоры, өлкетану картотекасы және электрондық каталогы, архивтік құжаттар пайдаланылды.
Кейбір деректер «Жауынгер қыздар–Боевые подруги» (Е.Лұқпан, М.Сембаев, аудармашылар М.Хасенов, А.Жанғожин, Қарағанды,1995) кітабы бойынша әзірлеген журналистика ардагері Аман Жанғожиннің архивінен алынды.
Мұнда кейбір материалдар, деректер болмауы мүмкін. Сондықтан оқырмандардың барлық ескертулері мен ұсыныстарын құрастырушылар мұқият тыңдап алғыспен қабылдайды. Бұл топтама әрдайым жаңа деректермен толықтырылып, жалғасады.
Қарағандының жауынгер қыздары
Анищенко Агрефина Никифировна (Помилуйко)
Клиентова Анна Алексеевна (Балыкина)
Қарсыбекова Гүлімжан Рақымжанқызы
Свиридова Валентина Васильевна