Қарағанды облысының 2024 жылғы өлкетану әдебиеттерін насихаттауға арналған көмек құралы: Библиографиялық әдебиеттер көрсеткіші / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. С.О.Телпекбаева. – Қарағанды, 2023 – 93 б.

Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қызметінде жыл сайын қазақ және орыс тілдерінде «Қарағанды облысының өлкетану әдебиеттерін насихаттауға арналған көмек құралы» атты библиографиялық әдебиеттер көрсеткішін жасау жақсы дәстүрге айналған. Қарағанды облысы бойынша бұл атаулы күндер мен айтулы оқиғалар күнтізбесі 1971 жылдан шығарып келе жатыр. Әрбір шығарылым тарихи оқиғалардың негізгі шежіресін жасап, жұртшылықты республика, облыс тарихындағы атақты ерекше үлес қосқан көрнекті тұлғалармен таныстырып келуде.

2024 жыл аймақ үшін ерекше жыл. Себебі аталған жылы Қарағанды қаласының және Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының құрылғанына 90 жыл толады. Бұл өңір еліміздің дамыған облыстарының біріне жатады. Қарқынды дамып келе жатқан Қарағанды Қазақстанның экономика, ғылым, өнер, білім салаларына едәуір үлкен үлес қосып келе жатқан өлке. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобадағы жүзеге асырылып жатқан істер өлкенің өркендеуіне серпін беріп келеді. Көрсеткіште аймақ туралы анықтама берілді.

Алдарыңызға ұсынылып отырған библиографиялық әдебиеттер көрсеткіші - қазыналы Қарағанды өңіріндегі маңызды және айтулы оқиғалар туралы ақпарат беруді, елімізде қолға алынып жатқан жаңа жобаларды жүзеге асыруды және өлкетану білімін кеңінен таратуын мақсат етіп отыр. Құралдың мазмұны қоғамдағы адамгершілік және рухани құндылықтардың нығаюына, Отанға және туған жерге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге бағытталған.

Керекті ақпаратты іздестіруде облыстық кітапхананың электрондық және дәстүрлі каталогтарынан, анықтамалық және библиографиялық басылымдар қорынан, интернет – ресурстарын пайдаланылды. Тарихи оқиғалармен жеке тұлғалар туралы мәліметтерді анықтап, іздестіруде көптеген анықтамалық басылымдар пайдаланылды: «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы, «Қазақ өнері» энциклопедиясы, «Қазақстан жазушылары», «Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр» анықтамалықтары, «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясы, облыстық мерзімді басылымдар және т.б.

Біздің ұсынып отырған күнтізбе материалдарын күнделікті жұмыстары үшін мәдениет, ағарту, ғылыми, тарихи, қызмет саласындағы мамандар, мұғалімдер, студенттер, БАҚ қызметкерлері, әртүрлі қоғамдық ұйымдар және өлкетану әдебиеттерімен танысқысы келетін барша оқырман қауым қолдана алады. Әсіресе білім беру мекемелерінде «Өлкетану» бағдарламасы үшін ерекше құнды.

Толығырақ...

Қаламы қарымды жазушы:жазушы Әкім Таразидің  90 жылдығына арналған библиографиялық жадынама / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ; құраст. Г.С.Мухамбетчина. – Қарағанды, 2023. –15 б.

Қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілі, жазушы, драматург, кинодраматург Әкім Тарази бүгінде мерейлі 90 жасқа толуда.

Қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пікіріне сүйенсек, Әкім Тарази – ақиқатты бүкпесіз, ашық айтудан айнымаған, жалтақтауды, жалпақтауды білмейтін, дақпыртты, даурыққанды, желпініп - желіккенді жақтырмайтын, өзімен-өзі оңаша болғанды ұнататын; шығармашылық өнерге аса жауапкершілікпен қарайтын дара суреткер. Жамбылдың қызыл жолбарысы секілді көзге көрінбейтін, күндіз-түні қорғап жүретін, қия бастырмайтын, үнемі қамшылап отыратын Бүлкілбайы бар жазушы.

Ол – уақыт шежірешісі, асыл сөздің ұстасы, ұлтының мақтанышы, заңғар жазушы, елінің көрнекті қайраткері. Уақыт озады, дәуір өзгереді, бірақ мұндай адамдар халқымен бірге жасай береді.

Жадынамада ақынның өмірбаяны, шығармашылығы, қазақ және орыс тілдерінде шығармалары, ол туралы кітаптар, мақалалар тізімі берілген. Бұл жадынама Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қорындағы материалдары бойынша жасалған.

Көпшілік оқырман қауымға арналған.

Дара талант иесі - Төлен Әбдік: библиографиялық жадынама / Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. Ж.С. Шохшина. – Қарағанды, 2023. – 11 б.

Оқу мәдениетін дамыту және қолдау, тарихи мәдени және рухани мұрамызды сақтау, ана тілімізге деген қамқорлық қатынасты дамыту мақсатында жыл сайын «Бір ел – бір кітап» акциясын жүзеге асырып келеді.

Биыл «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының ұйымдастыру комитетінің кезекті отырысында 2023 жылға қарымды қаламгер Төлен Әбдіктіңшығармаларын оқуғатаңдап алынды.

Танымал жазушы, белсенді қоғам қайраткері Төлен Әбдік қалың оқырмандарға да, әдеби ортаға да кеңінен танымал. Оның талантының ерекшелігі тереңнен толғап, жүректен қозғап жазған шырайлы шығармалары дәлел. Жазушының алғашқы шыққан әңгімелері мен соңғы жазған романдарына дейін, оқырмандардың жүрегіне жол тауып, сүйікті шығармаларына айналды. Төлен Әбдікұлының шығармалары адам мінезінің құпия сырларына үңілуі, өмірдің мән - мағынасын философиялық тұрғыдан қараумен ерекшеленеді.

Құрметті оқырман! Қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосып келе жатқан парасат майданының сардары, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері, жазушы, драматург Төлен Әбдікұлының өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты да, танымды деректер жинақталған «Дара талант иесі – Төлен Әбдік» атты библиографиялық жадынаманы назарларыңызға ұсынамыз.

Толығырақ...

Қазақ сахнасының саңлағы : Бикен Римованың 100 жылдығына : библиографиялық жадынама / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. Ж. С. Шохшина. – Қарағанды, 2023. – 6 бет.

Биыл елімізде өнер мен мәдениет саласына үлес қосқан бірқатар азаматтардың мерейтойлары аталып өтіледі. Солардың ішінде кино экраны мен театр сахнасында қазақтың талай ару қызы мен абзал аналарының сүбелі образын сомдаған талантты актриса, қаламгер, драматург, Қазақстанның халық әртісі, Қырғыз Республикасы өнерінің еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Бикен Римова бар. Биылғы жылы актерлік болмысы өзгеше, ешкімге ұқсамайтын, халқымыздың дарынды өнер қайраткері Бикен Римованың туғанына 100 жыл толып отыр. Оның творчестволық жолы ұлттық театр, киномыздың даму тарихымен тікелей өзектес. Шын мәнінде халқының әртісі аталған белгілі өнер шеберінің кешегісі мен бүгіні баршамызға өнеге.

Ендеше, құрметті оқырмандар! Қазақ сахнасында ғана емес, жалпы кино әлемі мен театр сахнасында бейнеленген кейіпкердің өмірі мен өнер жолы туралы қызықты да, танымды деректер жинақталған "Қазақ сахнасының саңлағы" атты библиографиялық жадынаманы назарларыңызға ұсынамыз.

Көрсеткішті құрастыру барысында облыстық кітапхананың каталогы, өнер әдебиеттер бөлімі мен ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің қордағы кітаптары, тарихи танымдық анықтамалар мен әдеби еңбектері, мерзімді басылымдар беттеріндегі деректі мақалалар пайдаланылды.

Толығырақ...

«Сарыарқа саңлағы» Жазушы, этнограф Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің 80 жылдығына арналған: библиографиялық жадынама / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. Ж. С. Шохшина. – Қарағанды, 2022 ж. – 23 бет

Көрнекті әдебиеттанушы, өнер зерттеушісі, алаштың аяулы азаматы, ұлт рухының жанашыры, қазіргі заманғы қазақтану ғылымының негізін салушылардың бірі, филология ғылымдарының докторы, ғалым-жазушы, публицист – Ақселеу Сланұлы Сейдімбек әдебиет, тарих, этнография, филология, өнертану салаларында өнімді еңбектерін қалдырған. Ұлылықтың үлгісі болған Ақселеу Сейдімбек – саналы ғұмырын, халқымыздың өр рухының, өнегелі салтының, өрелі қалпының аса көрнекті өкілі еді. Ол тек өз творчествосымен ғана емес, күллі ғылыми, әдеби жұртшылықты қазақ оқырманының тарихи зердесін, мәдени өрісін, этнографиялық білігін арттыруға, жұмылдыруға ат салысқан санаулы санаткерлердің бірі. Бір сөзбен айтқанда, Ақселеу Сейдімбек бүгінгі қазақ зиялылары ішінде өзінің феноменальді қабілет-қарымымен ерекшеленетін заңғар тұлға. Артында қалған құнды мұралары мен кітаптары болашақ ұрпақтың жадында мәңгі сақталуы тиіс.

Олай болса, құрметті оқырмандар! Халықтың рухани құндылығын, өнері мен өнегесін дәріптеген зерек ойлы ғалым-этнограф Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты да, танымды деректер жинақталған «Сарыарқа саңлағы» атты библиографиялық жадынамасын назарларыңызға ұсынамыз.

Толығырақ...