Қазақстан Республикасының 2022 жылы аталып өтілетін және еске алатын күндер күнтізбесі / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. Л. С. Карпунина, У. Жамауова, И.С.Иссык,. – Қарағанды, 2021.

Жыл сайын Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ақпараттық – библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі Қазақстан Республикасының тарихи маңызды күндеріне арналған күндізбе шығарып тұрады.

Күндізбеде 2022 жылы аталып өтілетін ақын – жазушылардың, мәдениет және өнер қайраткерлерінің, ғалымдардың, саясаткерлердің мерейтойлық даталары берілген. Басылымға тарихи оқиғалардың күндері мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік және кәсіби мереке күндеріде көрсетілген.

Басылым материалдары әр айға бөлініп, жалпы тізім бойынша орналастырылған.

Ең маңызды деген мерейтой даталарында Н.В.Гоголь атындағы ОӘҒК қорында бар әдебиет тізімі де ұсынылған. Күні мен айы белгісіз даталар жеке беріліп, оған да әдебиеттер тізімі жасалған. Күндізбеде көрсетілген көрнекті тұлғалардың мерейтой даталары мен тарихи оқиғалардың күндеріне шағын библиографиялық тізім берілген. Кітапханамыздың мәліметтер қоры көптеген тұлғалар мен оқиғалар жайлы ақпарат көздерімен едәуір көбірек қамтылған.

Күнтізбе қазақ және орыс тілдерінде шығады.

Басылым көпшілік қауымға, мамандарға, студенттер мен оқушыларға, мектеп мұғалімдеріне, кітапханашыларға арналған.

 

Жыр төгеді жүрегі: жазушы Софы Сматаевтың 80 жылдығына арналған библиографиялық жадынама / Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст.: Ұ.Ө.Жамауова. – Қарағанды, 2021

Қай кезеңде болсын жақсылыққа үн қосып, ізгілікке ұмтылу – адам баласының азаматтық борышы, адамдық парызы болған. Міне, осындай аманатты арқалап, елдік мүддені басты назарда ұстап келе жатқан өзінің «Елім-ай» тарихи роман-трилогиясымен, философ боп тереңдеп, қаламгер боп тебіренген жүрегінің сыры мен жырын ақтарған ой-пікірге толы «Мұңлы ойлар» кітабымен қазақ әдебиетінің көгіне құбылыс болып көтерілген қарымы күшті қаламгер, атақты жазушы, белгілі қоғам қайраткері Софы Сматаев бүгінде мерейлі 80 жасқа толуда.

Софы Сматаев өзінің қалың оқырманына тосын идеяларымен түрлі жанрда қалам тербеп жүрген еңбекқор жазушы. Ендеше, оқырмандары жазғандарын іздеп оқитын қаламгердің ғұмырбаяны мен шығармашылығына арналған «Жыр төгеді жүрегі» библиографиялық жадынамасын назарларыңызға ұсынамыз.

Жадынама көпшілік оқырманға арналған.

"Күш атасы - Қажымұқан" Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 150 жыл: библиографиялық жадынама / Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. : Ұ.Ө. Жамауова. – Қарағанды, 2021

Әр халықтың маңдайына жарқырап біткен жарық жұлдыздардай жайсаң ерлері бар. Олар – ел мақтанышына айналған көрнекті қайраткерлер, ғұлама ғалымдар, заңғар ақын-жазушылар, туған жерін жаудан қорғаған батырлар, өнер мен спорт саңлақтары... Сондай мақтан етіп, қадірлейтін, қазақ халқының қастерлі перзенттерінің бірі, алып күшімен әлемді дүбірлетіп өткен күш атасы - Қажымұқан Мұңайтпасұлы.

Қазақтың ұлттық өнерінің төресі, бойтұмары саналатын спорттың түрі ол -  балуандық. Ал, осы күрес өнері арқылы қазақты алғаш әлемге танытқан, дүниежүзінің 30-ға жуық елін аралап, 50-ден астам медаль жеңіп алған балуан – Қажымұқан Мұңайтпасұлының биыл 150 жылдық мерейтойы.

Ендеше, құрметті оқырмандар ұлттық тарихымызда ғана емес, әлемдік спорт тарихында да сирек ұшырасатын, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып келе жатқан тумысы бөлек тарихи тұлғаның өмір жолы мен сан қырлы спорттағы жетістіктері жайлы танымды деректер жинақталған "Күш атасы – Қажымұқан" атты библиографиялық жадынаманы назарларыңызға ұсынамыз.

Жадынама көпшілік оқырманға арналған.

"Жадымдасың, жақсы аға" Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл: библиографиялық жадынама / Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. : Ұ.Ө. Жамауова. – Қарағанды, 2021

"Жүрегімді менің өлеңдерімнен ізде..."
М.Мақатаев

Иә, өмірін өлеңінен, өлеңінің өмірінен бөліп қарауға болмайтын Мұқағали Мақатаевтың есімі - "Поэзиямен" егіз ұғым. Күллі қазақ даласын шексіз іңкәрлікке, ұлы сағынышқа толы нәзік жырларымен тербеткен, ақиық ақынның мол мұрасы бүгінгі таңда барша қазақтың мақтанышына айналды. Тілге жеңіл жүрекке жылы тиетін жыр жолдарын көкірегінде саңылауы бар әрбір азамат жатқа айтады.

Ақынның өзі: "Кейде күлімдеген, кейде түңілген жанымның құдды дауысындай...", - деп баға бергендей оның әр өлеңі өміріндегі әсем әуез бен мұнар мұң жетегіне жетелей жөнеледі. Ақынның бүкіл ғұмыры өлеңдерімен өрілген. Ол үшін поэзия – жанының шырылы.

Толығырақ...

Отан ұлдар: Мұхамедхан Сейітқұлов және Қайым Мұхамедханов: библиографиялық жадынама / Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст.: Ұ.Ө.Жамауова. – Қарағанды, 2020

ХХ ғасырдағы Сталиндік зұлмат қазақтың талай әулетін шаттығынан айырып, шаңырағын ортасына түсірген. Ұрпақтарының жүрегіне өшпестей сызат салып, жандарын жаралаған. Бір ғана Мұхамедхановтар әулетін (әкелі-балалы Мұхамедхан Сейтқұлов және Қайым Мұхамедханов) алып қарайтын болсақ, әке мен бала не азапты көрмеген десеңізші.

Сол заманда биліктен теперіш көрген белгілі абайтанушы, қазақтың аса ірі ғалымы Қайым Мұхамедханов ұлы ақын Абайдың шәкірттерін зерттегені үшін қуғын-сүргін көріп, абақтыға қамалып, азап шеккені жайында бұған дейін аз айтылып, аз жазылмаған. Ал, ғалымның әкесі, сол заманның белгілі алаш меценаты, сталиндік қуғын-сүргін құрбаны Мұхамедхан Сейтқұловқа жазықсыз жала жауып нақақтан ату жазасына кескен. Осындай қиындыққа толы азапты күндерді бастан өткерген әкелі балалы ұлт жанашырларының өмірі мен шығармашылық белестері жайлы, халқымызға тигізген пайдасы туралы не білеміз?

Толығырақ...