Қазақтың қаһарман қызы: Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100жылдығына арналған библиографиялық жадынама / Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ; құраст. А.К. Карашова. – Қарағанды, 2025. – 11 б.

Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына  80  жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы ең алапат соғыстағы Ұлы Жеңіске біздің халқымыз өшпес үлес қосты. Майданға аттанған 1 млн. астам жерлестеріміздің тең жартысы соғыста ерлікпен қаза тапты.

Ұлы Отан соғысы майданында көрсеткен ерлігі үшін Қазақстанның жүздеген мың жауынгерлері КСРО-ның әскери ордендерімен және медальдарымен марапатталған болатын, 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың ішінде қазақ қыздары - мерген Әлия Молдағұлова және пулеметші Мәншүк Мәметова.

2025 жылы қазақ халқының ардақты қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы. Әлияның өмірі мен ерлігі — бүгінгі ұрпақ үшін патриотизмнің, табандылықтың, қайсарлықтың айқын үлгісі.

Әлия - тек өткеннің қаһарманы емес, бүгінгі ұрпақтың жүрегіндегі жарқын бейне. Ол - Отан үшін от кешкен қазақ қыздарының символы. Оның өмірі мен ерлігіне арналған «Қазақтың қаһарман қызы»  атты библиографиялық жадынама назарларыңызға ұсынамыз.

Жадынамада қазақ және орыс тілдерінде Әлия өмірбаяны  туралы кітаптар, мақалалар, интернет ресурстары және фильмдер тізімі ұсынылған.

Жадынама көпшілік оқырманға арналған.

Ұлт қайраткері: ірі мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың 130 жылдығына арналған библиографиялық жадынама / Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ; құраст. Г.С. Мухамбетчина. – Қарағанды, 2025. – 16 б.

Тарихтың ауқымды беттерінде ел тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткерлердің орны ерекше. Азаттық жолындағы қасиетті де қасіретті күрестің шежіресін тану – бүгінгі ұрпақ үшін үлкен міндет. Ұлтының болашағы үшін аянбай еңбек еткен, ғұмырын ел мүддесіне арнаған тұлғалардың өнегесі – келешекке жол көрсететін темірқазық.

Сол бір ел басына күн туған заманда елі үшін ерен еңбек сіңірген дара тұлғалардың бірі – Нығмет Нұрмақов. Ол – мемлекет және қоғам қайраткері, құқық саласының жаңашыл реформаторы, ел егемендігі жолында аянбай тер төккен азамат. Сонымен қатар, оның публицистика мен журналистикадағы еңбегі, қазақ өнері мен мәдениетіне жасаған қамқорлығы ұлт руханиятына қосылған елеулі үлес болды.

Нығмет Нұрмақов – ұлт алдындағы борышын жүрегімен сезінген тұлға. Оның өмірі мен қызметі – елжандылық пен адалдықтың айқын көрінісі. Біз осындай кемеңгер азаматтың есімін ұлықтап, келер ұрпаққа таныстыру арқылы тәуелсіздігіміздің тарихи негіздерін тереңірек ұғындыра аламыз.

Библиографиялық жадынама студенттер, зерттеушілер, өлкетанушылар және көпшілік оқырман үшін арналған.

Қарағанды облысының 2025 жылғы өлкетану әдебиеттерін насихаттауға арналған көмек құралы: Библиографиялық әдебиеттер көрсеткіші / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. С.О.Телпекбаева. – Қарағанды, 2024 – 58 б.

"Өлкетану әдебиеттерін насихаттауға арналған көмек құралы" атты библиографиялық әдебиеттер көрсеткіші 1971 жылдан бастап жыл сайын қазақ және орыс тілдерінде шығарылады.

Бұл библиографиялық әдебиеттер көрсеткішіне Қарағанды облысының тарихы, рухани және маңызы бар оқиғалар, еліміздің экономикалық және мәдени дамуына ерекше үлес қосқан жекелеген ұйымдардың, еліміздің қалыптасуы мен нығайюына зор үлес қосқан, халыққа танымал қайраткерлердің, ғылым мен өнердің көрнекті қайраткерлердің, батырлар, ақын-жазушылардың т.б. мерейтойлары енгізуі дәстүрге айналған.

Қазыналы Қарағанды өңіріндегі маңызды және айтулы оқиғалар туралы ақпарат беруді, елімізде қолға алынып жатқан жаңа жобаларды жүзеге асыруды және өлкетану білімін кеңінен таратуын мақсат етіп отыр. Құралдың мазмұны қоғамдағы адамгершілік және рухани құндылықтардың нығаюына, Отанға және туған жерге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге бағытталған.

Күнтізбеге қажетті мағлұматтар әр түрлі дерек көздерінен жиналды, оның ішінде электрондық және дәстүрлі каталогтар, анықтамалық және библиографиялық баспалар қоры, интернет – ресурстары. Тарихи оқиғалармен жеке тұлғалар туралы мәліметтерді анықтап, іздестіруде көптеген анықтамалық басылымдар пайдаланылды: "Қазақстан" Ұлттық энциклопедиясы, "Қазақ өнері" энциклопедиясы, "Қазақстан жазушылары", "Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр" анықтамалықтары, "Қарағанды. Қарағанды облысы" энциклопедиясы, облыстық мерзімді басылымдар және т.б.

Толығырақ...

Қазақстан Республикасының 2025 жылы аталып өтілетін және еске алатын күндер күнтізбесі / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. Г.С. Мухамбетчина. – Қарағанды, 2024. – 63 б.

Жыл сайын Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ақпараттық - библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі Қазақстан Республикасының ұмытылмас, тарихи күндеріне арналған күнтізбе шығарады.

Осы күнтізбеде елімізге танымал ақын-жазушылардың, мәдениет және өнер қайраткерлерінің, ғалымдардың, саясаткерлердің, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің 2025 жылы аталып өтілетін мерейтойлы даталары қамтылған.

Басылымға тарихи оқиғалардың күндері мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік және кәсіби мерекелері күндері енгізілген. Құрастырушы мерейтойлы даталарды атап өтуде өзіндік көмегін тигізеді деген мақсатта Н.В. Гоголь атындағы ОӘҒК қорынан табылатын әдебиеттер тізімін де ұсынған.

Күні мен айы белгісіз айтулы даталар бөлек беріліп, оларға да әдебиеттер тізімі жасалған.

Күнтізбе материалы әр айға бөлініп, онда жалпы тізім бойынша орналастырылған.

Күнтізбе қазақ және орыс тілдерінде шығады.

Басылым көпшілік қауымға, мамандарға, студенттер мен оқушыларға, мектеп мұғалімдеріне, кітапханашыларға арналған.

Қазақтың қаламгері Бельгер деген...: жазушы, сыншы, аудармашы, публицист, әдебиет зерттеушісі және қоғам қайраткері Герольд Карлович Бельгердің 90 жылдығына арналған библиографиялық жадынама / Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. Г.С. Мухамбетчина. – Қарағанды, 2024. – 14 б.

«Герольд Бельгер – қазақ әдебиетіндегі теңдессіз құбылыс».

Шыңғыс Айтматов

Ұлты неміс болса да, халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін, тарихын жетік меңгерген көрнекті жазушы, публицист, зерттеуші, сыншы, аудармашы Герольд Карлович Бельгердің туғанына биыл 90 жыл. Саналы ғұмырында «Қазақтың қуанышы – менің қуанышым, қазақтың тойы – менің тойым», – деп туған жеріне, өскен ортасына, қабырғалы қазақ еліне адал қызмет етті. Қазақтың қайғысы үшін қабырғасы қайысып, қуанышынан қуаттанған Гер аға көзі тірісінде алпысқа жуық кітап, «Гете мен Абай», «Асылға абай болайық!» сияқты екі мыңға тарта мақала және көркем әңгіме жазды. Қазақтың тілі, мәдениеті, өнері, бірлік, ұлтаралық ымыраластық туралы қалдырған қадау-қадау қағидалары қаны неміс болса да, жүрегі «қазақ» деп соққан жазушының бітім-болмысын өзгелерден даралап, ақиқаттың жаршысына айналдырғаны бек шындық. Қазақтың шын жанашырының ел алдындағы адал еңбегі мен азаматтық ұстанымы кезінде сый-құрметке бөленді, қазақ топырағын мекендеген түрлі ұлттар әдебиетінің көкжиегін кеңейткен шығармалары қазіргі таңда да әділ бағаланып жүр.

Библиографиялық жадынамаға қаламгердің өмірбаяны және ол туралы жазылған әдебиеттер мен мақалалар тізімі енгізілді.

Библиографиялық жадынама студенттерге, зерттеушілерге, өлкетанушыларға, әдебиетті сүйетін көпшілік оқырманға арналған.