Қарағанды облыстық кітапханасында Ұлттық кітап күні аясында Президенттік арнайы әдеби сыйлықтың иегері, ақын Жәнібек Әлиманның «Алтын тұңғиық» атты жыр кітабының таныстырылымы өтті.

Жас ақынның кезекті жыр жинағы «Алтын тұңғиық»  екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөліміне «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы бойынша Қарағанды аймағы, Арқа топырағынан тамыр тартқан туындылары топтастырылған. Екінші бөліміне махаббат пен өмір туралы өлеңдер енгізілген.

Іс-шараға жазушы, ҚР мәдениет қайраткері, ф.ғ.д, профессор, ҚР мәдениет қайраткері, айтыскер ақын, жазушылар одағының мүшесі Асанов Қойлыбай, ақын, ф.ғ.к., доцент, Қарағанды облысы мәслихатының депутаты А. Ботпайұлы, әнші, композитор, Қарағанды кеншілер мәдениет сарайының басшысы С. Әбдіғали, театр қайраткері, актер, педагог Д. Еспаев  т.б. және Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-дің филология факультетінің және Қарағанды жоғары политехникалық колледжі студенттері қатысты.

Міне, тағы бір рухани байлықтың есігі айқара ашылды. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үлкен үлес қосқан публицист, аудармашы Марал Хасеннің 80 жылдығына және оның шығармашылық мұрасын насихаттаушы, аудармашы Рымбала Смайылованың 80 жасқа толуына арналған «Аманат арқалаған Ана» атты ерекше кеш ел жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз. Бұл кеш тек мерейтойлық жиын ғана емес, рухани мұраның мәңгілік екенін айғақтайтын ұлы сабақ болды.

Салтанатты шара шымылдығы «Молодежный» мәдениет үйінің әншісі Айнұр Әбдуалиеваның тебірентерлік «Ананың ақ жаулығы» әнімен түріліп, кешке жиналған көрерменнің жүрегіне жылы шуақ себілді. Рухани мұраны насихаттаған ардагер анамыздың еңбегін бағалап, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының Төрағасы Бекзат Алтынбеков пен Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов атынан құттықтау хаттар мен алғыс хаттар табыс етілді.

Кештің модераторы, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айтбай Жұмағұлов бұл шараның қазақ руханияты үшін мән-маңызына тоқталып, қос тұлғаның әдебиетке сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

Құрметті оқырмандар!

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл! Осы уақыт ішінде Ассамблея еліміздің көпұлтты қоғамында татулық пен бірлікті нығайтып, 130-дан астам этнос өкілін біріктірді.

Осы айтулы датаға орай, сіздерге «Ассамблея – татулық пен бірліктің тұғыры» атты ақпараттық досьені ұсынамыз.

Бейнеролик арқылы Ассамблеяның құрылу тарихымен, оның мақсаты мен міндеті және қоғамдағы маңызды рөлімен жақынырақ таныса аласыздар.

Қарағанды облыстық «SARYARQA» телеарнасында «Ой орда» пікірлесу клубының кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы кездесу – қазақ телевизиясының алтын дәуіріне жол салып, алғашқы дикторлардың бірі атанған, еңбек ардагері Майра Ахметованың 100 жылдығына арналды.

Кештің арқауы – «Дикторлық өнердің дара жолы». Арнайы ұйымдастырылған экскурсия барысында клуб мүшелері телеарнаның бай тарихымен танысып, эфир мәдениетінің қалыптасу кезеңіне терең үңілді. Жетекшілік еткен – тележурналист, ҚР Мәдениет қайраткері Әли Тойжігіт.

Экскурсия барысында қатысушыларға өткен ғасырдың 60-70 жылдары қолданылған ескі камералар, микрофондар, радиоқабылдағыштар көрсетіліп, эфир жұмыстарының қалай жүргізілгені жайлы қызықты мәліметтер ұсынылды. Сол жылдардағы техникалық шектеулер, монтаж қиындығы, түсірілім лентасының тапшы кездері, бір хабарды эфирге дайындаудағы үлкен жауапкершілік – бәрі де журналистикаға деген шынайы адалдық пен жанкешті еңбек, әсіресе, дикторлардың дауысы, мәнері мен мәтінді жеткізу мәдениеті – бұл өз алдына бөлек өнер болатынын ортаға салды.

25 ақпан күні Н.В.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастырумен «Сарыжайлау» кинотеатрында қазақ халық композиторы,  жерлесіміз, әнші Мәди Бәпиұлының туғанына 145 жыл қарсаңында «Ел еркесі-ер Мәди» концерттік кеші өткізілді.

Мәдени іс-шара белгілі әнші, өнертанушы һәм киногер Ерлан Төлеутай түсірген «Мәди» деректі телефильмімен бастау алды.

Мәди Бәпиұлының өмірі мен шығармашылығы туралы бірнеше еңбек жазған қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисті, ҚР Мәдениет қайраткері Ермек Балташұлы композитордың туып-өскен ортасына, талайлы тағдырына қатысты деректермен бөлісті.

Кешке келген оқырмандарға Қарқаралы ауданына қарасты Едірей ауылының тумалары Мақсұт Жұмашұлы мен Құсайын Өсенұлы Мәди жайлы қариялардан естіген естеліктерін айтты.