Елдің елдігін, халықтың бітім-болмысын көрсететін ұлттық құндылықтарымыз – мемлекетіміздің рәміздері.

1 маусым күні оқу залында Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне арналған "Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. 4 маусым күні - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні ретінде мерекеленеді.

Рәміздер күнін мерекелеудің басты мақсаты - қазақстандық патриотизм, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін мақтан тұту идеяларын кеңінен дәріптеу және дамыту, қазақстандықтардың Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранға деген терең құрмет сезімін қалыптастыру.

1992 жыл тарихи оқиғаларға толы жыл. Тарихи оқиғалардың ішінде Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаны қабылдау сәттері болды. Осы даталармен бірге Қазақстан тарихында тәуелсіздік нышандарын жасаған: суретші Шәкен Ниязбеков (Ту авторы), сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков және Шота Уәлихановтың (Елтаңба авторлары) есімдері мәңгі есте қалды.

2006 жылы тағы бір маңызды оқиға болды. Ол Еліміздің жаңа әнұраны қабылданды. Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған, кейін Президент Н.Ә. Назарбаев кейбір түзетулер енгізген Шәмші Қалдаяқовтың "Менің Қазақстаным" атақты әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранына айналды.

3 маусым күні кітапханамыздың көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторы "Кітапханадағы жаз" акциясы аясында балаларға арналған "Менің Отаным – Қазақстан" тақырыбында шара өткізді.

Шараның мақсаты – Қазақстан картасымен таныстырып, ондағы ірі елді мекендер жайлы ақпарат беру, жас өрендердің ойлау және сөйлеу дағдыларын дамытып,  кітап оқуға деген қызығушылықтарын ояту.

Балалар еліміздегі елді мекендер жайлы, туған жер табиғаты, өздері туып өскен қалалары туралы ерекше мақтанышпен әңгімелеу арқылы өздерінің Отанға деген патриоттық сезімдерін көрсете білді.

Құрметті оқырмандар! Дауылпаз ақын, жерлесіміз Қасым Аманжоловтың кітапханамыздағы «Қыран қанатты ақын» шағын сайты жаңа деректермен толықты.

Өздеріңізге белгілі Қасым ақын 1931-1936 жылдары тарихы терең Орал қаласында өткізеді. Жиырма жасар Қасым әскери борышын атқара жүріп, «Екпінді құрылыс» газетінің редакциясына өлеңдерін жариялаған. Кейін сол «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады.

Қ. Аманжоловтың ақын, азамат болып қалыптасуына Орал қаласы үлкен әсер етті. Осы қалада ол ең алғашқы махаббат, жастық жырларын жазды. 1935 жылы әскер қызметінен босасымен Қасым Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, өзі көркем басқарушысы болады. Бұл труппа тез өсіп, аз уақыт ішінде театр болып құрылды. Мұндағы ақынның еңбегі өте зор болды. Осы кездері Қ.Аманжоловтың ақындық, әншілік, артистік таланты жұртшылыққа танылды.

Құрметті оқырман назарларыңызға Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік архивінен алынған «Екпінді құрылыс» газетінің 1934-1936 жылдардағы ақынның латын әліпбиінде жазылған өлеңдерін ұсынамыз!

Ай кітабы