21 мамыр елімізде Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні атап өтілді. Мерекеге орай, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ғимаратында құрметке бөленді. Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е.Қ.Жұмакеновтың қатысуымен өткен салтанатты шараға еңбек сіңірген өнер және мәдениет қайраткерлері, ведомстволық бағынысты мекемелердің басшылары, сала қызметкерлері мен ардагерлер қатысты.

Салтанатты жиында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е. Қ. Жұмакенов жиын қатысушыларын өңіріміздің мәдениет және өнер саласының жетістіктерімен таныстырып, өз сөзінде қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, жоғары нәтижелері мен адал еңбектері үшін алғыс білдірді. Сонымен бірге Қарағанды облысы әкімінің сыйлығын табыстау рәсімі күзге ауыстырылатыны туралы ақпарат берді.

Содан кейін ол Қарағанды облысының мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосқан мәдениет және өнер саласының үздіктеріне «Еңбек ардагері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін, Құрмет грамоталар мен Алғыс хаттарын табыстады.

Бұл қатарда біздің әріптестеріміз Головко Светлана Ивановна, Рақым Қайрат және Гусева Ирина Авенировна лайық марапаттарға ие болды.

Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының Құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Головко Светлана Ивановна ҚР Мәдениет және ақпарат Министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Марапаттау сәтінде С.И. Головконың Қарағанды облысының кітапхана ісін дамытуға және кітап мәдениетін қалыптастыруға қосқан үлесі атап өтілді. Светлана Ивановна - білікті маман, кітапханамыздың кітап қорын жинақтауды қамтамасыз етеді. Светлана Ивановна ұжымда үлкен құрметке ие.

Кітапхана үдерістерін автоматтандыру бөлімінің техникалық қызмет көрсету және бағдарламалық қамтамасыз ету секторының басшысы Рақым Қайрат Әнуарұлы ҚР Мәдениет және ақпарат Министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Қ. Рақым - жоғары кәсіби білікті маман, «ИРБИС» АКАЖ-сін үздіксіз жұмыс істеуін, автоматтандыру үдерістерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қазақстанның кітапхана қауымдастығында үлкен құрметке ие.

Сонымен бірге ҚЖОжКҰБ секторының басшысы Гусева Ирина Авенировна ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ирина Авенненна электронды каталогты ұйымдастыруға, оқырмандарға қызмет көрсету сапасын жақсартуға үлкен үлес қосты, кітапхана қорын құруға ат салысты. Ұжымда құрметке ие. Кітап қорын ұйымдастырудың көптеген мәселелері бойынша қызмет көрсету бөлімдеріне кеңес береді.

Әріптестерімізді лайықты марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз және зор денсаулық, кәсіби шығармашылық табыстар мен жаңа жетістіктер, отбасыларына бақ-береке тілейміз!

 

Басшы орынбасары Умбединова Г.Н.