Құрметті оқырман!

Кітапханамыздың өлкетану бөлімі әрдайым жергілікті тұлғаларды насихаттап, дәріптеп, өздеріңізге мәлім етіп отырады. Бүгінде жерлес ғалымдарымыз Жамбыл Ақылбаевтың туғанына 85 жыл, Сұлтан Досмағамбетовтың туғанына 95 жыл толуына орай «Тұғыры биік, тұлғасы зор ғалымдар» атты фото-көрме ұйымдастырды. Мақсаты – ғалымдардың ғылыми еңбектерімен, белгілі ақын-жазушылардың, журналистердің тұлғалар жайлы жазған шығармаларымен, құнды фотосуреттермен таныстыру.

Жамбыл Сәулебекұлы Ақылбаев Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық ғылым академиясының жоғары мектеп академигі, профессор, техника ғылымдарының докторы, Қарағанды қаласы мен Шет ауданының құрметті азаматы.

Әлемдік деңгейде танымал белді оқу орны – Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің атаулы даму сатылары Жамбыл Сәулебекұлының есімімен тығыз байланысты. Талантты ғалым және педагог бола жүріп, ол жас зерттеушілердің, ғалымдардың, педагогтардың бір топ қауымын тәрбиелеп шықты. Жамбыл Сәулебекұлы өзінің жоғары талап қойғыштығымен және демократияшылдығымен, принциптігімен, кемеңгерлігімен және жанының кеңдігімен ерекшеленеді.

Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ инженерлік жылу физика кафедрасына Жамбыл Ақылбаев есімі берілген. Академик атына аудиториялар да ашылған. Шет ауданында мектеп-гимназияға Жамбыл Ақылбаев есімі берілген болатын. Сол білім ордасында ғалымға арналған мемориалдық тақта орнатылып, мұражайы да ашылды.

Назарларыңызға ұсынылған көрмеден «Тағдыр тағылымы» жыр жинағынан Жамбыл Сәулебекұлына досы И. Арыстанның арнаған естелігі мен арнау өлеңімен таныса аласыздар.

Сондай-ақтұлғаның өз еңбектерімен, атап айтсақ әкесіне арналған «Жапырағын жайған бәйтерек» естелік кітапшасымен, «Әкем Омар және оның заманы туралы» қазақ шежіресіне сүйенген тарихи шолу, ғибратты ой толғауларымен, «Парасат иірімдері» естелік кітабы арқылы еліміздің білім мен ғылым саласының өзекті мәселелерімен, өзіндік көзқарас-пікірлерімен, «Пешене» жинағында еліміздегі ғылым-білім саласында болып жатқан оқиғалар жайлы ой-пікірлері, толғауларымен таныс боласыздар.

Досмағамбетов Сұлтан Қапарұлы қоғам қайраткері, партия, кеңес қызметкері, экономист-ғалым, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР Әлеуметтік ғылымдары Академиясының корреспондент мүшесі, «Еуразия» халықаралық экономика академиясының академигі, Қарағанды қаласының құрметті азаматы.

Сұлтан Қапарұлы экономика, педагогика, құқық проблемалары бойынша 200-ден астам ғылыми және публицистикалық жұмыстардың авторы.

Ал кітап қорындағы Сұлтан Досмағамбетов жайлы көрмедегі көптеген материалдармен танысып, тың ақпарат ала аласыздар. Атап айтар болсақ, Мағауия Сембайдың «Алаштың алдаспаны» еңбегі Сұлтан Досмағамбетовтың жұрт білмейтін өмір белестерінен шұрайлы тілмен сыр шертеді.

Ал «Педагог, ученый, государственный деятель» атты еңбек С. Досмағамбетовтың 90 жылдығына арналған. Кітаптан Сұлтан Қапарұлы жайлы жазылған ерекше естеліктерді оқи аласыздар

Құрметті оқырман, сіздерді ғалымдардың өмірі, қызметі, еңбектері қызықтырып, толғандырса, кітапхана қорындағы кітаптарды оқып, танысыңыздар. Сіздер үшін әрдайым  қызмет етуге дайынбыз.

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Б.Е. Алпысбаева