Жазғы демалыс кезінде саяхатқа шығып, теңіз жағалауларында тынығып, табиғатты тамашалап, демаламыз! Көп адамдар жазғы уақытын әрине, алдын-ала жоспарлап, керемет өткізуге тырысады. Осы орайда, біздің кітапхана жаз мезгілінде демалыстың барлық түрін кітап арқылы ұсына алады.

Сондықтан жылдағы дәстүрмен 5 маусымда кітапханамызда «Жазғы Оқу қаласы» Акциясы және балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, көтеріңкі көңіл-күй сыйлау, кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Кітапханадағы жаз» бағдарламасының тоғызыншы маусымы басталды.

Аталмыш жобалар ашылу салтанатында Қарақат мектеп - студиясының «Шалқыма» ансамблі «Секіртпе» күйін, Абай атындағы мектеп-гимназиясының «7» В сынып оқушысы Бекболат Әли «Ақ бұлақ» әнін, Әл-Фараби атындағы мектеп гимназиясының «6» В сынып оқушысы Рафайлова Айсара Мадиарова Қорқыттың «Сарын» күйін орындап, «Алтын сақа» бөбекжайының «Қарлығаш» тобының тәрбиеленушісі Аяпберген Айханым М. Жұмабаевтың «Ботамды көрдім түсімде» атты өлеңін оқып, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

 

Шығармашылық алаңдарда балалардың ой-өрісін, тіл байлығын, кітапқа деген қызығушылығын ояту мақсатында «Көңілді қиялшылар елі», «Make comics» атты шеберлік сағаттары, «Барлығымыз билейміз» би батлы ұйымдастырылды, «Қазақстан рәміздері», «Асығын алша түссін», «Твистер», «Жұмбақ үштік» ойындары ойнатылды. Сонымен бірге жас бүлдіршіндер назарына қазіргі таңда танымал балалар авторларының шығармалары, ертегілер, кітапшалар, балаларға арналған танымдық анықтамалар мен журналдар ұсынылды.

Құрметті оқырман! Жаз бойы қаламыздың кез-келген тұрғыны аптасына екі рет: сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін «Жазғы оқу қаласының» оқырманы болып, әрі кітапхана қорына өз кітабын сыйлау мүмкіндігіне ие бола алды. Ал кішкентай достарымыз бізбен бірге «Кітапханадағы жаз» бағдарламасына дүйсенбі, сәрсенбі күндері сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін қатысып, танымды сабақтар мен байқаулар, көңілді ойындар, зейінді болу жаттығулары мен қызықты шеберлік сағаттар арқылы шығармашылықтарын дамытып, жазды қызықты өткізе алады.

«Кітапханадағы жаз» бағдарламасы 10 тамызға дейін, ал «Жазғы Оқу қаласы» 17 тамызға дейін жұмыс істейді.

Келіңіздер! Кітаппен, кітапханамен жаз қызықты!