2013 жылы 24 қараша күні сағат 15.00-де Н.В Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қоғам қайраткері, шешен Төле би Әлібекұлының 350 жылдық мерейтойына арналған "Ұлы жүздің бас биі" атты әдеби-танымдық сайыс  өтті.

Кітапханада жұмыс жасайтын жас ақындардан құралған "Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелерінің ұйымдастыруымен өткен әдеби-танымдық сайыс - Төле бидің қазақ мемлекетін құрып, қалыптастырудағы саясаткерлігі мен елі үшін атқарған іргелі істерінің сүбелі үлесін, қазақ әдебиетіндегі шешендік биіктігін тағы бір айшықтап, шығармашылығын насихаттауды көздеді.

Әдеби-танымдық сайысқа "Жыр-Жауһар" поэзия клубының алғашқы мүшелері, жеке жыр жинақтарымен қазақ поэзиясына жаңа леп, жаңа үн әкелген талантты жас ақындар, Халықаралық "Шабыт" фестивальінің лауреаттары Қуаныш Медеубаев, Мирас Асан, Ерқанат Кеңесбекұлы, дарынды жас жазушы Алмаз Мырза-Ахмет, кітапханамыздың директоры Дина Базарбайқызы әділқазылық етті.

Әдеби-танымдық сайыста Е.А Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің "Шабыт" және Қарағанды Гуманитарлық колледжінен келген "Құрбылар" поэзия клубы бақ сынасты.

Сайыс бес кезеңді қамтыды. Төле би жайлы тың жатқан мәліметтер осы әдеби-танымдық сайыс алаңында айтылып, ұлы жүздің бас биін жаңа бір қырынан тануға мүмкіндік берді. Сахналық көріністер назарға ұсынылып, домбырамен сазды толғаулар орындалды. Екі топта Төле бидің толғауын мақамына салып, сәніне келтіріп орындап шықты. "Шабыт" және "Құрбылар" поэзия клубтарының ұлттық нақыштағы киім үлгілері сайыс сахнасының сәнін келтіре түсті.

Видеотаспа: https://www.youtube.com/watch?v=JXQWKBjNAO0

Қатысушылар әртістік қабілеттерімен, сахна мәдениеттілігімен ерекшеленіп тұрды. Дегенмен "Шабыт" поэзия клубының сөз саптауы, киім киісі, тақырыпты ашуы басым түсті.

Сайыс барысында жиналған қауымның назарына "Ұлы жүздің бас биі" атты кітап көрмесі ұсынылып, кітапхана қорындағы Төле би жайлы әдебиеттер таныстырылды.

Қазылар алқасының әділ шешімі бойынша "Шабыт" поэзия клубы 1-орын, "Құрбылар" поэзия клубы 2-орынға ие болды. Қазылар алқасы сайыстың артықшылығымен қоса кемшіліктерін де атап көрсетіп, клуб жұмысына табыс тіледі.

Жеңімпаздарға I, II-дәрежелі дипломдар табысталып, кітапхана атынан ақшалай сыйлықтар берілді. Осы орайда Алмаз Мырза-Ахмет жақында ғана шыққан "Ханшайым" атты өзінің әңгімелер жинағымен қоса, Республикалық "Қасым" журналының жаңа санын қатысушыларға сыйға тартты. Кеш соңында "Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелері Қуаныш Медеубаев, Жәлел Шалқар, Ерболат Қуатбек өздерінің жаңа жырларын көрермен назарына ұсынса, ақындығымен қоса сазгерлігімен елді тәнті етіп жүрген Ерқанат Кеңесбеков өзінің екі жаңа авторлық әнін тарту етті.