Қазақтың қаламгері Бельгер деген...: жазушы, сыншы, аудармашы, публицист, әдебиет зерттеушісі және қоғам қайраткері Герольд Карлович Бельгердің 90 жылдығына арналған библиографиялық жадынама / Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. Г.С. Мухамбетчина. – Қарағанды, 2024. – 14 б.
«Герольд Бельгер – қазақ әдебиетіндегі теңдессіз құбылыс».
Шыңғыс Айтматов
Ұлты неміс болса да, халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін, тарихын жетік меңгерген көрнекті жазушы, публицист, зерттеуші, сыншы, аудармашы Герольд Карлович Бельгердің туғанына биыл 90 жыл. Саналы ғұмырында «Қазақтың қуанышы – менің қуанышым, қазақтың тойы – менің тойым», – деп туған жеріне, өскен ортасына, қабырғалы қазақ еліне адал қызмет етті. Қазақтың қайғысы үшін қабырғасы қайысып, қуанышынан қуаттанған Гер аға көзі тірісінде алпысқа жуық кітап, «Гете мен Абай», «Асылға абай болайық!» сияқты екі мыңға тарта мақала және көркем әңгіме жазды. Қазақтың тілі, мәдениеті, өнері, бірлік, ұлтаралық ымыраластық туралы қалдырған қадау-қадау қағидалары қаны неміс болса да, жүрегі «қазақ» деп соққан жазушының бітім-болмысын өзгелерден даралап, ақиқаттың жаршысына айналдырғаны бек шындық. Қазақтың шын жанашырының ел алдындағы адал еңбегі мен азаматтық ұстанымы кезінде сый-құрметке бөленді, қазақ топырағын мекендеген түрлі ұлттар әдебиетінің көкжиегін кеңейткен шығармалары қазіргі таңда да әділ бағаланып жүр.
Библиографиялық жадынамаға қаламгердің өмірбаяны және ол туралы жазылған әдебиеттер мен мақалалар тізімі енгізілді.
Библиографиялық жадынама студенттерге, зерттеушілерге, өлкетанушыларға, әдебиетті сүйетін көпшілік оқырманға арналған.
Қазақтың қаһарман қызы: Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған библиографиялық жадынама / Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ; құраст. А.К. Карашова. – Қарағанды, 2025. – 11 б.
Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы ең алапат соғыстағы Ұлы Жеңіске біздің халқымыз өшпес үлес қосты. Майданға аттанған 1 млн. астам жерлестеріміздің тең жартысы соғыста ерлікпен қаза тапты.
Ұлы Отан соғысы майданында көрсеткен ерлігі үшін Қазақстанның жүздеген мың жауынгерлері КСРО-ның әскери ордендерімен және медальдарымен марапатталған болатын, 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың ішінде қазақ қыздары - мерген Әлия Молдағұлова және пулеметші Мәншүк Мәметова.
2025 жылы қазақ халқының ардақты қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы. Әлияның өмірі мен ерлігі — бүгінгі ұрпақ үшін патриотизмнің, табандылықтың, қайсарлықтың айқын үлгісі.
Әлия - тек өткеннің қаһарманы емес, бүгінгі ұрпақтың жүрегіндегі жарқын бейне. Ол - Отан үшін от кешкен қазақ қыздарының символы. Оның өмірі мен ерлігіне арналған «Қазақтың қаһарман қызы» атты библиографиялық жадынама назарларыңызға ұсынамыз.
Жадынамада қазақ және орыс тілдерінде Әлияның өмірбаяны туралы кітаптар, мақалалар, интернет ресурстары және фильмдер тізімі ұсынылған.
Жадынама көпшілік оқырманға арналған.
Біз үшін Отанымыздың әр сүйем жері қасиетті болып саналады. Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен ұлттық бірлік нышаны ретінде қоғамдық өмірде ерекше маңызға ие киелі орындар бар. Осындай қасиетті жерлер мен нысандар жайлы жастарға түсіндіріп, олардың өңірлерде жүргізіліп жатқан ғылыми-сараптамалық жұмыстардың бағыт-бағдарын білу мақсатында «Ой-Орда» пікірлесу клубының кезекті отырысы өтті.
Шара Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-нің тарих факультетінде ұйымдастырылды. Клуб отырысына тарихшы ғалым, өлкетанушы, этнограф, Қарағанды облысының ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архив басшысы Темірғали Аршабеков қатысып, Қарағанды өңіріндегі киелі орындары жайлы әңгімелеп, бағзы бабалардан мұраға қалған ел мен жерді көздің қарашығындай мұқият сақтауға, туған жер, елін сүйер жас буынды ұлтжанды, елжанды болуға шақырды. Сонымен бірге клубтың жетекшісі, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-нің тарих факультетінің студенті Мирас Қанат Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші, киелі нысан Сеңкібай батыр, Жидебай батыр туралы айтып, қызықты деректермен бөлісті.
2024 жылдың 29 қараша күні Кеншілер мәдениет сарайында өткен Алаштың ардақты ақыны, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Қойлыбай Асановтың 60 жас мерейтойлық кешінде кітапханамыз ақынның шығармашылығына арналған «Қобыз қылып қолымдағы қаламды...» атты фото - кітап көрмесін қалың жұртшылыққа ұсынды.
Кітап көрмеге автордың «Жылымық жылдар жаңғырығы» (2004), «Аңызақ соңы ақ жауын...» (2014), «Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты» (2010), Сарыарқа кітапханасы сериясымен және Қойлекеңнің құрастыруымен жарық көрген «Арқаның би-шешендері мен ақын-жыраулары», «Арқаның айтыс ақындары», «Шығармалар» (2013) , «Қызыл асық» (2020), «Райыс - көшкен елдің өшпес тарихы» т.б. кітаптармен бірге бірнеше фотосуреттер қойылды.
Сонымен бірге автор өзінің «Сарша тамыз, сары жел», «Сәуірдің соңы құралай» кітаптарын кітапханамызға сыйға тартты.
Ардакүрең ақынның жыр маржандары оның поэзиялық жинақтарында сайрап жатыр. «Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» дегендей, Қойлыбай Асановтың жыр маржандарының дәмін білгіңіз келсе, мына кітаптарды оқуға асығыңыздар!
Біздің кітапханаға Каренова Хизат Ахметқызы белгілі Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-нің профессоры, экономика ғылымдарының докторы, академик, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Әл-Карени Рашит Саттарұлының 42 кітабын сыйға тартты.
Сіздерді экономика ғылымдарының докторы, профессор Рашит Саттарұлы Кареновтың көрнекті еңбектерімен танысу үшін біздің кітапханамыздың өлкетану әдебиеттері бөліміне шақырамыз.
Рашит Саттарұлының қазақ ру-тайпаларының және ұлтымыздың негізін қалаған ірі тайпаларының бірі «Арғынның тарихы мен шежіресі» туралы үш томдық жинағында бүгінгі күнге жеткен шежіре-тарихы баяндалады және қазақ генеалогиясын тануға қосылған үлес ретінде оқырмандар жүрегінен жол табары сөзсіз.