Құрметті оқырмандар!
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл! Осы уақыт ішінде Ассамблея еліміздің көпұлтты қоғамында татулық пен бірлікті нығайтып, 130-дан астам этнос өкілін біріктірді.
Осы айтулы датаға орай, сіздерге «Ассамблея – татулық пен бірліктің тұғыры» атты ақпараттық досьені ұсынамыз.
Бейнеролик арқылы Ассамблеяның құрылу тарихымен, оның мақсаты мен міндеті және қоғамдағы маңызды рөлімен жақынырақ таныса аласыздар.
«Ой-орда» пікірлесу клубының кезекті отырысы академик Евней Арыстанұлы Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойына арналды.
Іс-шара Е.А.Бөкетов атындағы мемориалдық мұражайда өтті.
Іс-шараға тарихшы ғалымдар, студенттер және музей қызметкерлері қатысты.
«Есімі қалды мәңгілік» атты кездесу шымылдығын ашқан «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығының директоры, тарихшы-ғалым Нұрсахан Ахметқызы Бейсенбекова ғалымның адамгершілік қасиеттері, ұстаздық жолы және оның шәкірттеріне қалдырған өсиеттері жайлы қызықты естеліктерімен бөлісті.
Жыл сайын 14 ақпанда барлық кітап сүйер қауым Халықаралық кітап сыйлау күнін атап өтеді. Бұл мереке адамдарды бір-біріне жақсы кітаптар сыйлауға шабыттандырады. Баспа кітабы өз құндылығын жоғалтпай, әлі де өзекті сыйлық болып қала береді.
Халықаралық кітап сыйлау күні – жас мереке. Оны 2012 жылы ағылшын жазушысы, екі баланың анасы Эмма Перри ойлап тапқан. Ол Халықаралық кітап сыйлау күнінің ұйымдастырушысы әрі үйлестірушісі болды. Перридің бастамасы тек Англияда ғана емес, сонымен қатар әлемнің әртүрлі елдеріндегі жазушылар, баспагерлер, мәдени және қайырымдылық ұйымдары тарапынан қолдау тапқан.
25 ақпан күні Н.В.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастырумен «Сарыжайлау» кинотеатрында қазақ халық композиторы, жерлесіміз, әнші Мәди Бәпиұлының туғанына 145 жыл қарсаңында «Ел еркесі-ер Мәди» концерттік кеші өткізілді.
Мәдени іс-шара белгілі әнші, өнертанушы һәм киногер Ерлан Төлеутай түсірген «Мәди» деректі телефильмімен бастау алды.
Мәди Бәпиұлының өмірі мен шығармашылығы туралы бірнеше еңбек жазған қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисті, ҚР Мәдениет қайраткері Ермек Балташұлы композитордың туып-өскен ортасына, талайлы тағдырына қатысты деректермен бөлісті.
Кешке келген оқырмандарға Қарқаралы ауданына қарасты Едірей ауылының тумалары Мақсұт Жұмашұлы мен Құсайын Өсенұлы Мәди жайлы қариялардан естіген естеліктерін айтты.
"Кітапханалық-ақпараттық салаға ЖИ-технологияларды енгізу"
Атты гибрид форматта халықаралық семинар
28 ақпанда "Террикон алқабы" IT-hub базасында гибрид форматта "Кітапханалық-ақпараттық салаға ЖИ-технологияларды енгізу" атты халықаралық семинар өтеді.
Семинарды Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырады.
Семинардың мақсаты:
- жасанды интеллект арқылы кітапхананы заманауи үлгіде дамыту мәселелері қарастырылып, жасанды интеллектті қолданудың тәсілдері мен қолданыстағы практикалық тәжірибелермен бөлісу,
- халықаралық және өңіраралық кітапханалық ынтымақтастықты дамыту.
Семинар спикерлері жасанды интеллект саласындағы жетекші мамандар және Maqsut Narikbayev University, Жастарға арналған Ресей мемлекеттік кітапханасы (Мәскеу қ.), А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана және Өскемен қ. Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханасы (ШҚО) өкілдері.
Семинарға облыс кітапханаларының мамандары қатысады.