18 – қаңтарда кітапханада Д.А. Қонаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған "Тұғыры биік дара тұлға" атты кітап көрмесінің тұсаукесері өтті. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – қазақтың парасат даналығын бойына сіңірген перзенті, ХХ ғасырдың аса көрнекті мемлекет қайраткері. Ол – терең ақылымен, жоғары мәдениетімен, турашылдығымен, әділдігімен ерекше көзге түскен ұлы тұлға. Оқу залының кітапханашысы Сыздықова Меруерт мемлекет қайраткері Д. Қонаевтың өнегелі өмір тарихы мен еңбек жолдарын айтып өтсе, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, қоғамтану ғылымдарының магистрі Смағұлов Нұртас Бірлікұлы Д.А. Қонаевтың мемлекеттік қызметі кезіндегі республиканың әлеуметтік-экономикалық және мәдени өміріндегі жетістіктері жайлы студенттерге мәнді де мағыналы мағлұмат берді. Тұсаукесерде сонымен қатар, Д.А. Қонаевтың жастық шағы мен Елағасы кезеңіне дейінгі өмір тарихын қамтыған бейнебаян көрсетілді. Кітап көрмесімен оқырман қауымды оқу залының кітапханашылары – Жұмақанова Салима мен Шуақбаева Гүлнұр екі тілде таныстырып өтті. Көрмеден студенттер аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жайында қызықты мәліметтер алды.

 

Сондай – ақ, Д. Қонаевтың "Ұлы Октябрь Социалистік революциясына елу жыл", "Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Қазақстан Коммунистік партиясының XVI съезіне есепті баяндамасы", "Таңдамалы сөздер мен мақалалар", "Лениннің нұрлы жолымен", "Советтік Қазақстан", "Өтті дәурен осылай", "'Әлемнің Әуезові" атты еңбектерімен және ол туралы жазған жазушылардың кітаптарымен, сондай-ақ мерзімді баспа беттерінде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында жарияланған мақалалармен танысты. Көрмедегі сирек кездесетін кітаптар қорында сақталған Д. Қонаевтың 1949 жылы Алматыда шыққан "Разработка Коундрадского месторождения медных руд" атты еңбегі студенттердің қызығушылығын арттырды. Бұл кітапқа бұрғылау мастері қызметінен бастап, бас инженерлік және басшылық қызметін атқарған Дінмұхамед Қонаевтың 1935 жылғы Қоңырат кенішіндегі зерттеу жұмыстары енген. Д.А. Қонаев өзі басшылық еткен жылдарында Қарағандыға бірнеше мәрте іс-сапармен келген. Сол іс-сапарларының бірінде Д. Қонаев Қарағанды қаласын Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттаған болатын. Осы марапаттау жайында 1984 жылғы 24 мамырда "Индустриальная Караганда" газетінде жарияланған баяндамасы да көрмеден орын тапты.