Кітапхана қоры Сарыарқаның сөз сардары, өмір бойы атақоныстан тапжылмай, ауыл адамдарының арманы мен мұңын, сағынышы мен махаббатын әңгіме-повестеріне арқау етіп келе жатқан жазушы Өмір Кәріпұлының «Дала сыры» атты жаңа кітабымен толықты.

Бұл рухани қазынаны автор сүйікті кітапханасының оқырмандарына арнайы сый ретінде жолдаған екен.

 Жаңа кітап Ұлы дала жадында сақталған азды-көпті шежіре баянның бастау көзі болып табылады. Жазушы өзі ғұмыр кешкен кезеңді, тау-тас, өзендер мен бұлақтар, елді мекен, кесенелер аңызынан туындата отырып, Ұлы дала жадында қатталған көне аңыздарды тірілтеді. Өмір Кәріпұлы өзі туып өскен атақонысқа мұңын шағады. Содан да қазақ даласы жазушыға сырын ашады.

Өмір атты жолдың биік шыңына шығып, шаршамай, талмай, артына өшпес із қалдырып, сәулесін шашып  келе жатқан жазушы Өмір Кәріпұлы биыл  сексеннің сеңгірін бағындырып отыр. Мерейтой иесін кітапхана ұжымының және оқырмандарының атынан құттықтай отыра, деніне саулық, шалқар шабыт тілейміз.

Ақсақалдық асқарындағы жерлес жазушымыздан тағы да керемет құнды дүниелер күтеміз.

Барша Арқа елі, «Дала сыры» кітабын оқуға асығайық!