2016 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толғалы отыр. Осы атаулы күнге байланысты  кітапханада "Қазақстан жолы: бейбітшілік пен жасампаздыққа 25 жыл" атты кітап көрмесі ашылды.

Көрменің мақсаты - Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жарқын жетістіктерін оқырман қауымға паш ету. Көпшілік қауымды кітап әлеміне тарту.

Түркі дүниесінен бастау алатын Ұлы Қазақстанның тарихы өте тереңде жатыр. Қаншама ғасырлар бойы туған елдің еркіндігі үшін жанын пида еткен ата-бабаларымыздың асыл арманы 1991 жылы қанат қақты. Еліміз зарыға күткен Тәуелсіздігін алды. Міне, содан бері ширек ғасырға жуық уақытты артқа тастадық 25 жылдың ішінде еліміз қиындығы мен бұралаңы көп жолды басып өтіп, толағай табыстарға жетті. Тілін, дінін, ұлттық болмысын қалпына келтірді. Сарыарқаның қақ төрінен жаңа Астана тұрғызды. Қазақстан қазіргі кезде әлем елдерімен тең дәрежелі иық тірестіріп, халықаралық ауқымды істердің басы-қасында жүретін болды. Қазіргі таңда БҰҰ, ТМД, ЕҚЫҰ т.с.с. көптеген халықаралық ұйымдардың белді мүшесі болып отыр. Ол – әрине, Тәуелсіздіктің жемісі. Осындай ұлы жетістіктер жайлы кітап, газет-журналдар көрменің  "Тәуелсіздік кезеңдері" бөліміне жинақталған.

Қай кезде, қай қоғамда болмасын көсемі көреген, кемеңгер болса, соңынан ерген халықтың да еңсесі биік, әл-ауқаты жақсы болмақ. Қазақ халқының бағына біткен парасатты ақыл-ойдың иесі, сарабдал саясаткер Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тарих еншісінде қалар орны ерекше. Тұңғыш президенттің бітім-болмысы мен атқарып жатқан қыруар еңбектерін баяндайтын бағалы кітаптар "Ұлт көшбасшысы" бөлімінде орын тепкен.

Бүгінгі күні Тәуелсіз Қазақстанның мақтанышына айналған әсем қала Астана жайлы суреттер мен кітаптар "Астана – ел мақтанышы" бөліміне топтастырылған. Сондай-ақ, бұл бөлімдегі материалдар тәуелсіздіктің мерейлі жемісінің ең ұлысы - жаңа құрылған Астананың құрылу тарихы, қазіргі бет-бейнесі туралы баян етеді. Алда келе жатқан үлкен сын "EXPO-2017" көрмесінің толық бағдарламасы да осы бөлімде.

Көпшілік назарына ұсынылған кітап көрмесі жыл соңына дейін жалғасын табады. Жаңа кітаптармен, мерзімдік басылымдармен жаңарып, толықтырылып отырады.

Құрметті оқырман қауым! Тәуелсіз Қазақстанның Мәңгілік Ел болу жолындағы дара құбылысын, қайталанбас тарихи ізін кітап арқылы жадымызға түйіп, бірге жасасайық.

            Келіңіздер, көріңіздер!