Облыс орталығындағы әдебиет пен мәдениеттің қара шаңырағы болып табылатын кітапханамыз қашан да игі істердің басы-қасында. Жастарды кітап оқуға баулу, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында көптеген мекемелермен тығыз байланыста жұмыстар атқарып келеді. Қаламыздағы білім ошақтары болып табылатын оқу орындары осындай шаралар атқарудағы сенімді серіктеріміз.

Осындай жақын досымыздың бірі болып табылатын Қарағанды гуманитарлық колледжімен бірлесе көптеген игі шаралар атқарылуда. Соның бірі 03 наурыз күні өткен online форматындағы кездесу болып табылады.

Колледж орыс тілінде оқитын студенттері үшін ақын М.Мақатаев шығармашылығына арналған ашық сабақ ұйымдастырды. Сабақтың барысында кітапханамыздың кітап қорымен таныстыру, жастарды поэзияға баулу мақсатында online форматында шолу жасау туралы кітапханамызға ұсыныс білдірді. Аталмыш сабаққа студенттермен бірге оқу ордасының ұстаздар қауымы да қатысты.

Кітапхананың бай қорын ескеріп ұсыныс жасаған гуманитарлық колледждің студенттеріне арнайы "Хантәңірінің мұзбалағы" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен бірге, кітап көрмесі бойынша кітапхана қызметкері Ж. Қуандықұлы жасаған әдеби шолу қазақтың ақиық ақыны Мұқағалидың өмірі мен шығармашылығын қамтитын әдебиеттерді таныстыруға бағытталды.

Ақын туралы айтылған жылы лебіздер мен эсселер, зерттеулермен бірге ақынның 75 жылдық мерейтойына орай негізі қаланған "Мұқағали" атты республикалық әдеби-мәдени танымдық журнал ерекше аталып, аудармалары мен ақын шығармаларынан қорғалған авторефераттар да нысанаға алынды. Ал ақынның 80 жылдығына орай жарыққа шыққан 700 беттен тұратын "Мұқағали" атты жыр кітабы мен ақын өмірден өткеннен кейін таңдаулы жырлары мен кейіннен табылған өлеңдері енгізілген, Мемлекеттік сыйлыққа ие болған "Аманат" кітабы айрықша аталып көрсетілді. Шолу барысында қашықтықтағы тыңдаушылардың сұранысына орай сарабдал шайырдың "Моцарт жаназасы" атты Реквиемнің "Табыт үні" атты бөлімі жатқа оқылып online форматындағы кездесуге нүкте қойылды.

ОҚК бөлімі