Жаңа ғасырда уақыт бізден заманға сай терең білімді, ғылыми жетістікті, кәсіби шеберлікті талап етеді. Оқырмандарға ақпарат әлеміне жол ашып, білімін нығайтатын қазіргі маңызы зор орын – кітапхана деп білемін. Кітапхана қабырғасында қызметкерлерді жаңа ақпарат заманына сай дамыту мақсатында көптеген тәжірибелік сабақтар өткізіледі.
Осындай бағыттар арнасында шілде айының 3-4 аралығында Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында "Сандық замандағы кітапхана. Электрондық қызметтер мен сервистер" тақырыбында VI Жазғы Интернет-Университеті өткізілді.
Шараға Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар және өзіміздің Қарағанды өңірінен жиналған кітапхана қызметкерлері қатысты.
Шараның негізгі көздеген мақсаты - кітапханашыларды жаңа сандық ортада, веб-2 технологиясын қолданып жұмыс істеуге үйрету, пайдаланушыларға сапалы ақпараттық қызмет көрсетуге кітапханашыларды дайындау.
Шара бағдарламасы екі күнді қамтыды. Мәскеу мемлекеттік Мәдениет және өнер университетінің профессоры - В.К. Степанов пен Чуваш мемлекеттік мәдениет және өнер институтының проректоры - А.О. Федоров ашық дәрістермен қоса тәжірибелік сабақтар өткізді.
- А.О. Федоров - "Әлеуметтік желілердегі кітапхана" дәрісін оқып, "Кітапханалық блог құру: жас блогерге контен-жоспарын қалай құруға болады" атты тренингін өткізді.
- В.К. Степановтың "Сандық технологияны дамыту бағыттарының кілті" дәрісін тыңдап, "Интернеттегі іздеу сервисінің эволюциясы" тәжірибелік сабағына қатыстық.
Осы іс-шара барысында кітапхана блогын дамытуға қажетті онлайн-құралдары туралы білімімізді тереңдетіп, Интернет желісінен дұрыс ақпарат іздеу кілттерімен жетік таныстық сонымен қатар, ұжым арасында достық қарым-қатынас та орнап жатты. Бұл әрине қуантарлық жайт!
Шара қорытындысында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Екі күн ішінде жинаған тәжірибеміз кітапхана ісінің бір саты көтерілуіне септігін тигізеді деген үміттемін.
Кітапханаларды дамыту
бөлімінің кітапханашысы
Жазыбекова Аяулым Рахманқұлқызы