Қазақстан Республикасының 2025 жылы аталып өтілетін және еске алатын күндер күнтізбесі / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. Г.С. Мухамбетчина. – Қарағанды, 2024. – 63 б.

Жыл сайын Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ақпараттық - библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі Қазақстан Республикасының ұмытылмас, тарихи күндеріне арналған күнтізбе шығарады.

Осы күнтізбеде елімізге танымал ақын-жазушылардың, мәдениет және өнер қайраткерлерінің, ғалымдардың, саясаткерлердің, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің 2025 жылы аталып өтілетін мерейтойлы даталары қамтылған.

Басылымға тарихи оқиғалардың күндері мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік және кәсіби мерекелері күндері енгізілген. Құрастырушы мерейтойлы даталарды атап өтуде өзіндік көмегін тигізеді деген мақсатта Н.В. Гоголь атындағы ОӘҒК қорынан табылатын әдебиеттер тізімін де ұсынған.

Күні мен айы белгісіз айтулы даталар бөлек беріліп, оларға да әдебиеттер тізімі жасалған.

Күнтізбе материалы әр айға бөлініп, онда жалпы тізім бойынша орналастырылған.

Күнтізбе қазақ және орыс тілдерінде шығады.

Басылым көпшілік қауымға, мамандарға, студенттер мен оқушыларға, мектеп мұғалімдеріне, кітапханашыларға арналған.

Қазақтың қаламгері Бельгер деген...: жазушы, сыншы, аудармашы, публицист, әдебиет зерттеушісі және қоғам қайраткері Герольд Карлович Бельгердің 90 жылдығына арналған библиографиялық жадынама / Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. Г.С. Мухамбетчина. – Қарағанды, 2024. – 14 б.

«Герольд Бельгер – қазақ әдебиетіндегі теңдессіз құбылыс».

Шыңғыс Айтматов

Ұлты неміс болса да, халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін, тарихын жетік меңгерген көрнекті жазушы, публицист, зерттеуші, сыншы, аудармашы Герольд Карлович Бельгердің туғанына биыл 90 жыл. Саналы ғұмырында «Қазақтың қуанышы – менің қуанышым, қазақтың тойы – менің тойым», – деп туған жеріне, өскен ортасына, қабырғалы қазақ еліне адал қызмет етті. Қазақтың қайғысы үшін қабырғасы қайысып, қуанышынан қуаттанған Гер аға көзі тірісінде алпысқа жуық кітап, «Гете мен Абай», «Асылға абай болайық!» сияқты екі мыңға тарта мақала және көркем әңгіме жазды. Қазақтың тілі, мәдениеті, өнері, бірлік, ұлтаралық ымыраластық туралы қалдырған қадау-қадау қағидалары қаны неміс болса да, жүрегі «қазақ» деп соққан жазушының бітім-болмысын өзгелерден даралап, ақиқаттың жаршысына айналдырғаны бек шындық. Қазақтың шын жанашырының ел алдындағы адал еңбегі мен азаматтық ұстанымы кезінде сый-құрметке бөленді, қазақ топырағын мекендеген түрлі ұлттар әдебиетінің көкжиегін кеңейткен шығармалары қазіргі таңда да әділ бағаланып жүр.

Библиографиялық жадынамаға қаламгердің өмірбаяны және ол туралы жазылған әдебиеттер мен мақалалар тізімі енгізілді.

Библиографиялық жадынама студенттерге, зерттеушілерге, өлкетанушыларға, әдебиетті сүйетін көпшілік оқырманға арналған.

Позитивті эмоциялар мен шабыттың қызықты әлеміне ену мүмкіндігіне ие болған жастарымыз Қарқаралының ежелгі тарихымен, ғажайып табиғатымен және бар ғұмырын қазақ өлеңіне арнаған Қасымның туған жері мен дауылпаз жырларымен жүздесіп қайтты.

Қасым Аманжолов – қазақ рухының алтын діңгегі. Қасымтануға өз үлесін қосып келе жатқан кітапхананың дәстүрлі Қасым Аманжолов оқулары шығармашыл жастар арасында кеңінен танымал. Осы жоба аясында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Қарағанды жоғары оқу орындары студенттерінің арасында  «ШЫҚШЫ ТАУҒА, ҚАРАШЫ КЕҢ ДАЛАҢА...» атты өлкетанулық экспедиция өз мәресіне жетті.

Экспедиция Қарағанды – Қарқаралы - Қасым ауылы – Сарыобалы – Қарқаралы – Қарағандытуристік маршрут бойынша іске асты. Шараға қатысқан Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-нің «Dayul»,  Ә. Сағынов атындағы ҚарТУ-нің «Сағынов жастары», Қарағанды медицина университетінің «Күретамыр», Қазтұтынуодағы ҚарУ-нің «Бірлік», «Bolashaq» академиясының «Жауһар» топтарының өте жауапкершілікпен даярланғаны, өз өмірлерін техникамен байланыс­тырған жастардың әдебиетке деген құлшыныстары баршамызды бір серпілтіп тастады.

Осы топтарға әділ бағасын берген қазылар алқасы құрамында жазушы, республикалық «Қасым» әдеби-қоғамдық журналының бас редакторы (қазылар алқасының төрағасы) Серік Сағынтай, Қ. Байжанов атындағы КБ-тің әншісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Сырым Хордин және Қасым Аманжолов ауылдық округі әкімі Ербол Исатайұлы Жоламан болды.

Толығырақ...

2024 жылдың 22 қазан күні С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының кіші залында Қазақстан кітапханашылардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға кітапхана ісінің ардагерлері, облыстық кітапханалар мен Қарағанды облысының орталықтандырылған кітапхана жүйелерінің басшылары мен кітапханашылары қатысты.

Театр фойесінде «Біздің таңдауымыз - белсенді демалыс» атты ерекше фото-көрме безендірілді.

Толығырақ...