Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл, яғни ширек ғасыр толып отыр. Тәуелісіз мемлекеттің негізгі шарты – айналымда өзінің ұлттық валютасының болуы. Ең алғаш рет Республиканың ақша бірлігі 1993 жылы 15 қарашада енгізілді. Сол күннен бастап 15 қараша "Ұлттық валюта – теңге" күні деген атқа ие.
Теңге – мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігі нышандарының бірі. Теңге қолданыс барысында халықаралық нарықта танымалдыққа ие болып, жаңа қоғамдық қатынастардың дамуындағы басты факторлардың біріне айналды.
Ұлттық валюта күніне орай, кітапхананың оқу залдары бөлімінде "Теңге – егемендік символы = Тенге – символ суверенитета" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың "Қазақстан жолы", "Ғасырлар тоғысында" кітаптары ұсынылған. Бұл еңбектерде Қазақстан Ресбуликасының тәуелсіздік жолында жеткен жетістіктері, атаулы күндер мен ресми келісімдері туралы баян етіледі. Дж. Айткеннің "Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы" атты Елбасына арналған кітабының 10-тарауы "Жаңа валюта. Жаңа конституция. Жаңа экономика" деп аталады. Бұл тарауда ұлттық валютаны енгізу, валютаның дизайнын таңдау, оған атау беру, конституцияны қабылдау туралы шешімдері мен ел экономикасының өзгерістері жайында Президенттің жасаған нақты қадамдары баян етіледі.
"Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері" атты көркем безендірілген фотокітапта Мемлекеттік рәміздер мен Тәуелсіздік нышандары берілген. Соның ішінде ұлттық валютамыз – теңгенің өзгертілген дизайны бар. Теңгенің шығуына үлес қосқан және теңге дизайнын құрастырғандардың бірі Х. Ғабжәлеловтың "Теңге" атты кітабы жарық көрген. Бұл көркем суретті кітапқа Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы" жарлығы, теңгенің шығу тарихы, ең алғашқы Қазақстан Республикасының Банкнот фабрикасының ашылу сәтінің суреттері енгізілген. Төл теңгеміздің дизайнының ауысу барысындағы негізі белгілерін, құнды айшықтарын, онда берілген таңбалардың мағынасын ашып көрсететін басылымдар да осы көрмеден табылады.
Сонымен қатар, мерзімді басылымдар бетінде жарық көрген бірқатар мақалаларды оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. "Егемен Қазақстан" газетінің 2016 жылдың 27 сәуірдегі санында суретші-дизайнер Х. Ғабжәлеловтың "Төл теңгеміз – егемендігіміздің кепілі атты" сұхбаты берілген. Бұл мақалада теңгенің тарихы, ұлттық валютамыздың дизайнын жасау барысындағы жұмыстар туралы әңгіме өрбіген. "Айқын апта" газетінің 2016 жылдың 3 қыркүйегіндегі "Тарихы терең теңге бұл!" атты мақалада ҚР Ұлттық банкінің бірінші төрағасы Ғ.Байназаров пен тұңғыш теңге авторларының бірі, Х. Ғабжәлеловтың ұлттық теңгенің шығарылуы, айналысқа түскендегі бағамы, банкноттардың сапасы мен дизайны туралы ақпарат берген.
Құрметті оқырмандар, Тәуелсіздік жолында қолымыз жеткен мемлекеттік рәміздеріміздің негізгі нышандарымен, төл теңгеміздің шығарылу тарихымен танысып, мағлұмат алғыларыңыз келсе біздің кітапханамызға келіңіздер!