2015 жылы 30 қарашада Елбасы Н. Ә. Назарбаев "Қазақстан жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму" атты кезекті жолдауын жариялаған болатын. Жолдау аясында оқу залында кітап көрмесі ашылды.
Көрменің мақсаты – көпшілік қауымға, әсіресе жастарға Елбасының еліміздің ертеңі үшін жасап жатқан игі істері мен тың бастамаларын насихаттап, мемлекеттің саяси өміріне белсене араласуға, өз үлесін қосуға шақыру.
Көрмеге "Мемлекеттік реформалар", "Экономикалық өсім", "Әлеуметтік даму" тақырыптары бойынша мемлекет басшысының елімізді әлемдік деңгейде дамыған мемлекеттердің қатарына қосу жолындағы ұлттық идеялары мен жоспарлары қойылған.
Елбасының "Ұлт жоспары – Қазақстандық арманға бастайтын жол" еңбегі, "Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму" атты биылғы кезекті жолдауының толық нұсқасы көрмеде орын алған. Сондай-ақ, мемлекеттің 2050 жылға дейін тарихи даму жолын бағамдап, көрсетіп берген "Қазақстан – 2050" Стратегиясы, әлем жұртшылығы басынан кешіріп отырған дағдарыстың елімізге тигізетін сын-қатерлерінің алдын алу мақсатында жарияланған "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" жолдауына арналған жинақ та көрмеге қойылған.
Елбасы жаңа Жолдауында әлемдегі қазіргі дағдарысты талдап берді. Шынында да жаһан жұрты қаржы дағдарысынан абдырап отыр. Осындай қиын-қыстау тұста Елбасы Жолдауы еліміздің бүгініне, болашағына қатысты халық көкейінде жүрген сан сұрақтарға жауап бергені анық. Жолдауда экономикалық, әлеуметтік және басқа да мәселелер қозғалды. Айналып келгенде, мұның барлығы да ел бірлігін нығайта түсудің, мемлекет дамуын жүзеге асырудың қамы екені баршаға белгілі.
Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның жас азаматтарын білімді, еңбекқор, бастамашыл және белсенді болуға шақырады. Ерінбей еңбек етіп, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген, адамның тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болатынына сенім білдірді. Елімізде жасалып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарылып жатқан қыруар істің бәрі болашақ ұрпақ үшін жасалып отырғанын алға тартты.
Көрме мемлекет басшысының жолдауымен қоса басқа да авторлардың елімізде болып жатқан реформалар, экономикадағы өзгерістер, бүкіл әлемді шарпыған дағдарысқа қарамай ілгері басып келе жатқан халықтың әлеуметтік жағдайы жайлы баяндайтын кітаптармен толықтырылған. Әрине, бұл кітаптар еліміздің саяси, экономикалық салаларына ден қойған жастарға көп көмегін тигізері сөзсіз.
Құрметті оқырман қауым! Елбасы жолдауы мен тың жоспарларына арналған бұл көрме жыл соңына дейін жалғасын табады. Жаңа басылымдармен, еңбектермен жаңартылып отырады. Келіңіздер, көріңіздер, оқыңыздар!