Құрметті өнер сүйер қауым, әнді қадір тұтатын ағайын!

Сан ғасырлық тарихы бар халық музыкасының терең бір арнасы – ән өнері. Жазу-сызуы кенжелеу елдің ғұмыр шежіресінің бір парасы ұрпақтан-ұрпаққа ән-күй, ауыз әдебиеті арқылы тараған.

Рухани тыныстың кеңеюі мен эстетикалық сана-түсініктің қалыптасуына әннің әсер-ықпалы орасан зор болды. Халықтың бойындағы табиғаттың тылсым сырларымен жұптасқан етенелік қасиеті оның тұрмыс-тіршілікке әдет-ғұрыпқа, деген талғамын талғамын ғана өсіріп қойған жоқ, сондай-ақ рухани жан дүниесінің сұлулық пен мейірімге іңкәр қайнар көзін ашты.

Ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген ата-бабаларымыз сұлу ән, асыл сөздің кестесімен сәби жүрегін тербеп, ой-санасын игі адамгершілікке жетеледі. Ең кереметі сол, ән қанатында халық ойының тереңдігі, шексіз қиялы, кестелі, орамды  шешен тілі берік сақталып, заманның алдын орап, кейінгілерге мұра етіп қалдырды.

Қазақ әнінің жанрлық сипаттары өте кең. Тұрмыс-салт әндері, махаббат, жастық күйі, табиғат лирикасы, туған жер, отаншылдық, тақырыпты қамтитын ән өрісі тақырып ішінен сала-салаға бөлініп жатады.

Қадірменді оқырман, назарларыңызға ұсынылып отырған бұл жинаққа халық композиторларының әндері кірді. Ұлы ақынымыз Абай атамыздың әндерінен бастау алған бұл кітапқа сонымен қатар көптеген өнер саңлақтарының төл туындылары ұсынылып отыр. Бұл өнер саңлақтары – тарихқа белгілі, даңқы ел ішіне тараған адамдар. Олар тек қана ән шығармаған, сонымен бірге, небір тамаша жыр үлгілерін туғызған әрі әнші, әрі сазгер, әрі ақындар болды.

Атап айтар болсақ: Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері, Мұхит, Майра, Балуан Шолақ, Мәди, Естай, Ыбырай, Мариям Жагорқызы, Әсет Найманбайұлы, Құлтума, Шашубай, Иса, Қанапия, Кенен, Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов, Молдабайдың әуезді әндері қазақ халқы үшін қашанда құнды дүние екені баршамызға мәлім.

Сонымен қатар, "Ғасырлар сазы" атты электронды диск та біздің кітап қорымызда сақтаулы. Бұл дискден еліміздің баға жетпес қазынасына айналған тамаша туындыларын халық композиторлары: Абай Құнанбаевтың "Көзімнің қарасы", Ақан серінің "Балқадиша", Біржан салдың "Теміртас", Әсеттің "Інжу-Маржан", Балуан Шолақтың "Ғалия", Кенен Әзірбаевтың "Базар-Назар", Мәдидің "Қарқаралы" т.б. әндерін тыңдай аласыздар.

Олай болса, ән-жырымыздың қадір-қасиетін сақтау бәріміздің қасиетті парызымыз екенін ұмытпайық! Құрметті оқырмандар! Шаңырағымыздан әрдайым ән үзілмесін! Өнер туралы әдебиеттер бөлiмi сiздердi асыға күтеді! Келіңіздер! Көріңіздер! Оқыңыздар! Тыңдаңыздар!

 Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

Ауыл кеші көңілді [Мәтін]:ән жинағы / сост. Х. Тілемісов. - Алматы: Қайнар,1988. 568 б.

Ән - көңілдің ажары [Мәтін] / құраст. Е. Мекежанов. - Алматы : Өнер, 1980. - 384б.

Әндер [Мәтін] / құраст. К. Қуатбаев. - Алматы : Мектеп, 1972. - 213 б.

Әнім сен едің [Мәтін] : әндер жинағы / құр. Тұрсынбаев Ж. - Алматы : Өнер, 1988. - 232 б.

Жастық шақ әуендері [Мәтін] : әндер жинағы / құр. Абақанова А, Ермекова С, Қыдырәлиев Ж. - Алматы : Өнер, 1986. - 207 б.

Қазақ әндерінің антологиясы [Мәтін] = Халық әндері мен халық композиторларының әндері : екі томдық , 1 том. / құраст. Ж. Кәрменов. - Алматы : Өнер, 1990. - 336 б.

Әзірбаев, К. Бозторғай [Мәтін] : (әндер, күйлер жинағы) / К. Әзірбаев ; құраст.: Т. К. Кененова, А. Ю. Серікбаева. - Алматы : Жалын, 1977. - 176 б.

Күй көтерер көңілдің көк жиегін [Мәтін] / У. Бекенов. - Алматы : Қазақстан, 1975. - 48 б.

Жастық шақ әуендері [Мәтін] : әндер жинағы / құр. Абақанова А, Ермекова С, Қыдырәлиев Ж. - Алматы : Өнер, 1986. - 207 б.

Жұбанов, А. Ғасырлар пернесі [Мәтін] : қазақтың халық композиторларының өмірі мен творчествосы туралы очерктер / А. Жұбанов. - Алматы : Жазушы, 1975. - 328 б.

Жұбанов, А. Замана бұлбұлдары [Мәтін] : қазақтың әнші-композиторлары, әнші-орындаушылары туралы әңгіме-очерктер. / А. Жұбанов. - Алматы : Жазушы, 1975. - 464 б.

Жұмалиев, Қ. Ахмет Жұбанов [Мәтін] : өмірі мен творчествосы / Қ. Жұмалиев. - Алматы : Жазушы, 1966. - 56 б.

Қазақ әндері [Мәтін]. - Шымкент : Сова баспа, Б. г. - 94 б.

Қазақ әндерінің антологиясы [Мәтін] = Халық әндері мен халық композиторларының әндері : екі томдық , 1 том. / құраст. Ж. Кәрменов. - Алматы : Өнер, 1990. - 336 б.

Қарапайым музыка теориясы [Мәтін] / құраст. Ж.Ә. Қожахметова. - Алматы : [б.ж.], 2006. - 130 б..

Нұрпейісова, Д. Әсемқоңыр [Ноталар] / құраст. Қ. Ахмедияров. - Алматы : Өнер, 1991. - 120 б.