Сыр сандық [Мәтін] : қазақ халық әндерінің антологиясы / құраст. Қ. Байбосынов. - Астана : Дәуір, 2016. - 613 б.

Қазақ дәстүрлі музыкасының антологиясы [Электрондық ресурс] : әндер. -  2011. - 1 эл. опт. диск (CD-ROM).

Құрметті өнер сүйер қауым, әнді қадір тұтатын ағайын!

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихы бар музыкалық қазынасының терең бір арнасы – ән өнері. Бұл өнер заманалардың қатал сын - дауылдарынан мүдірместен өтіп, өзінің сан қырлы көркемдік сипатын сақтап, көшпелілердің биік руханияты мен мәдениетінің сарқылмас бұлағына айналды. Қазақ әндері о баста ауызекі түрде шығып, тарап, өз тыңдаушыларының жүрегіне берік орнығып, әр заманда сұрыпталып, сан түрлі реңк - бояуларымен, міне, осы күнге де жетіп отыр.

Әуелде халықтың сарабдал өнерлі ұл-қыздарының көкейінде қайнап, көмейінен ағытылып шыққан мұндай әндер – кейіннен халықтың өз әндеріне айналып кетті. Ол әндер халықпен бірге жасасып келеді, жасай береді.

Назарларыңызға ұсынылып отырған "Сыр сандық. Қазақ халық әндерінің антологиясы" мен "Қазақ дәстүрлі музыкасының антологиясы" атты электронды дискда осындай терең рухани қазынамыз болып табылатын – қазақтың халық әндерінің ел арасына кең тараған таңдауларын, мүмкіндігінше мол қамтылып, ұсынылып отыр.

Бұл құрастырылған антологияда ел аузында мүлде ертеден келе жатқан әртүрлі, әр сипатты әндер молынан қамтылған. Халық композиторлары әндерінің мәтіндері мен домбыра аспабының құлақ бұрауына лайықталып жазылған ноталары да берілген. Музыка зерттеушілерінің айтуынша, халқымызда, кейбір ән түрлерін қоспағанның өзінде, 12 мыңнан астам ән бар көрінеді. Ал, енді әлі күнге дейін хатқа түспей, ел арасында айтылып жүргендері қаншама?! Олай болса – халық әндерін ұдайы жинастырып отыру, олардың қадір-қасиетін көздің қарашығындай сақтау – бәріміздің де перзенттік парызымыз екенін ұмытпағанымыз жөн.

"Сыр сандық. Қазақ халық әндерінің антологиясын" оқуға және "Қазақ дәстүрлі музыкасының антологиясы" атты электронды дискті тыңдауға ұсына отырып, шаңырағыңыздан әрқашан ән үзілмесін деген тілек білдіргіміз келеді.

Өнер туралы әдебиеттер бөлiмi Ciздердi асыға күтеді!

Келіңіздер! Көріңіздер! Оқыңыздар! Тыңдаңыздар!