"Тәуелсіз Қазақстан!", "Қазақстан Республикасы"! Неткен керемет, киелі ұғымдар! Бұл ұғымдардан, Отанымыздың тәуелсіз, еркін мемлекет екенін бірден аңғаруға болады. Бүгінде біз – қанатын кеңге жайған егеменді елміз. Көк туымыз желбіреп, сол жағымыздағы мақтаныш сезімімен дүрсілдеп тұрған жүрек әнұранымызға әуен қосып, әнұранымыз асқақтай шырқалуда.

Ағымдағы жылдың 12-желтоқсан күні кітапхана қызметкері 16-желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Сарыжайлау кинотеатрында №16 мектеп оқушыларына "Тәуелсіздік – бақытым менің" тақырыбындағы ақпараттық сағатын өткізді.

Біз бүгін азаттықтың 27 жылдығына аяқ бастық. Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыр шешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 -желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде "Қазақстан Республикасы" атты жаңа жұлдыз жарқырай туды. Тұтас дәуірлердің куәсі болған халқымыз сан ғасырлық бұралаң әрі қиын жолмен жүріп өтті. "Адам баласы сияқты, мемлекет те өмірінде екі ғұмырлық босағаны аттайды. Біріншісі – жарық дүниенің есігін ашу, екіншісі – ересек өмірдің табалдырығын басу. Екеуі де – қайталанбас, қастерлі мезеттер". Бұл Әбу Насыр Әл-Фарабидің айтып кеткен орамды сөзі, өнегелі өсиеті.

Тәуелсіздіктің қадірі, бостандықтың қасиеті, Отан деген ұлы ұғым жайында оқушыларға сұрақтар қойылды.

Тәуелсіздік бізге ұлттық, аймақтық және жаһандық өлшемде шексіз жауапкершілік жүгін артты. Біз осынау ұлы тағдырды қабыл алып, бірлігіміз бен еңбегіміз арқылы тарих сынағынан сүрінбей өтіп келеміз. Халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік Ел болуға бет бұрды. Сол себепті, Тәуелсіздік күні – баршамыз үшін, күллі қазақстандықтар мен әлемнің барлық қиырындағы достарымыз үшін ұлы мереке. Көпшілікке "Тәуелсіздік - елімнің ерлік жолы" атты кітап көрмесі таныстырған кітапханашы оқушыларға Тәуелсіздік ұғымы жайлы кеңінен ақпарат берді.

Шара соңында көпшілік назарына "Тәуелсіз елдің ұланымын" атты кинофильм ұсынылды. Фильмді тамашалаған соң көкейдегі сұрақтарына жауап алғандарын да айтты.

Тәуелсіздік – баршаның арман-мұратын бір арнаға тоғыстыратын құндылық, елдік мүдде жолында бәріміз тәу етер киелі ұғым. "Тәуелсіздік пен теңдік, азаттық пен елдік – қай халық үшін де дәмі балдай, мәртебесі таудай асыл ұғымдар" екендігін ұғынған оқушылардың бойын бір мезет мақтаныш сезімі кернеді.

Қазақстан күн сайын дамып, өркендеп, көркейіп келе жатыр. Қазақстанның көптеген қалалары күннен күнге көркейіп, түрлі ғимараттар, өнеркәсіп орындары, көз тартарлық құрылыстар салынып жатыр. Қазақ елі мақтауға лайықты, әртүрлі пайдалы қазбаларға, мұнай мен газға басқа да көптеген нәрселерімен бай. Әрине, осы жетістіктеріміздің бәрі Елбасымыздың арқасында.

Құрметті оқырман, Тәуелсіздік күніне арналған кітап көрмесімен танысуға шақырамыз. Сіздерді Қазақ халқының тарихи ұлы мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз! Еліміздің ертеңіне деген қадамдарыңыз нық болып, тарихи жетістіктеріміз көп болсын!

 Оқу залдары, кітапханашы Тусупбаева М.