Қателік
  • [sigplus] Critical error: Image gallery folder material/news/2017_abergenov is expected to be a path relative to the image base folder specified in the back-end.

[sigplus] Critical error: Image gallery folder material/news/2017_abergenov is expected to be a path relative to the image base folder specified in the back-end.

Талай талантты тұлғаларды төріне шығарған қара шаңырақ күні кеше тағы бір құрметті қонақтар легін оқырманмен қауыштырды. Бұл жолы Алатаудан Арқаға ат терлетіп арнайы келген меймандар – көрнекті ақын Төлеген Айбергеновтың ұрпақтары. Оқырмандар айбынды Айбергенов тегін арқалап жүрген ф.ғ.к, доцент Салтанат Төлегенқызын, құстың қос қанатындай болған егіз қыздары – кәсіпкер, арнайы Францияның Париж қаласынан жеткен Айнар мен аудармашы, тіл маманы Құсни  Төлегенқыздарын, сондай-ақ, Республикалық Т.Айбергенов атындағы композиторлар байқауының лауреаты Ажар Сейтенованы ду қол шапалақпен, асқан құрметпен қарсы алды.

Небәрі отыз жыл ғұмырында артына өшпес мұра қалдырып, қазақ поэзиясының көгінде жарқыраған жұлдызға айналған Төлеген Айбергеновтың 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған "Бір тойым болатыны сөзсіз менің..." атты әдеби сазды кеш әнші-сазгер Амангелді Ахметжановтың орындауындағы ақынның сөзіне жазылған "Ақ ерке Ақ Жайық" әнімен ашылды.

Одан кейін сөз алған ақынның қызы Салтанат Айбергенова әкесі жайлы ескірмейтін естеліктермен бөлісті. Сағыныштың ақыны аталып кеткен Төлеген Айбергеновтың туған жері, өскен ортасынан басталған әңгіме оның шығармашылығына ұласты. Оқырмандар да өз кезегінде меймандарымызға көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, ризашылықтарын білдіріп жатты.

Кешімізге арнайы шақыртылған М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның оқушылары Қ.Нұртілеу, Д.Жұмтаева, А.Абатова және С.Сейтжанова Төлеген жырларынан шашу шашып, халықтың ықыласына бөленсе, қазіргі таңда кітапханамызда тәжірибе жинақтап жүрген, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Гәкку Жұмабекова ақиық ақынның шығармашылығына шолу жасап, қойылған көрмемен таныстырды.

{gallery}material/news/2017_abergenov{/gallery}

Ақынның егіз қыздары – Құсни Айбергенова кеш барысында әкеге деген ыстық сағынышымен бөліссе, Айнар Төлегенқызы домбыраның сүйемелдеуімен терме орындап, оқырманды бір тебірентті.

"Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелері Е.Мақатай, С.Қанатова, Е.Әмірғазы Төлеген жырларын төгілтсе, Е.Елеусізұлы мен А.Мейраш ақынға арнау жырларын оқыды.

Кеш соңында кітапхана директоры Дина Базарбайқызы құрметті қонақтарға ізгі ниетін білдіріп, алғысын жаудырды. Меймандар да өз кезегінде ыстық ықыластарын айтып, "Айбергенов әлемі" деп аталатын журналдың бірнеше санын кітапхана қорына сыйға тартты.