Қазақтың Қанышы. Дәл осындай атаумен Қарағанды өңірінің колледж студенттерінің арасында облыстық зияткерлік ойыны өтті.Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болған сайысзаңғар ғалым, дара дарын, бірегей құбылыс, қазақ халқының маңдайына біткен асыл перзенттерінің бірі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылды.Ондағы мақсат – жастарды ғылым-білімге ынталандыра отырып, академик Қ. И. Сәтбаевтың өмір жолы және қайраткерлік қызметімен жақынырақ таныстыру, насихаттау, дәріптеу, жастардың шығармашылық потенциалдарын ашып көрсету және өз отанының тарихына деген танымдық қызығушылығын арттыру, кітап оқуды алға жылжыту.
Ойынға 4 қатысушыдан құралған барлығы 5 команда қатысып, өзара бәсекеге түсті. Олар Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің «Жалын» тобы, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің «Форт» тобы, А. Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің «Ер Едіге» тобы, Қарағанды жоғары медициналық интерколледжінің «Алау» тобы, Қарағанды «Bolashaq» жоғары колледжінің «Bolashaqqa qadam» тобы.
Игі шара кітапхана басшысы А.С.Шаймуханбетованың құттықтау сөзімен басталды.
4 кезең бойынша өз білімдерін сынаған топтар «Ой ширатуда» Қарағанды өңірі жайында жылдамдыққа жауап берсе,«Ұшқыр ойда» қалаған ұяшықтағы ұлы ғалымның өмірі, еңбегі, қызметі, кездесулері, нақыл сөздері, ескерткіштері, кино, кітаптары жайында берілген сұрақтарға санаулы минуттар ішінде жауап берді. Ал «Тапқыр болсаң, талас жоқ» кезеңінде топ басшылары «Құпия сандықта» жасырылған затты табу керек болды.
Қаныштың аяулы есіміне құрметпен қарап ерекше көңіл күймен, тыңғылықты дайындалып келген қатысушылар барын салып, жеңісті қолдан бермеуге тырысып, өздерінің білім деңгейі мен ұшқырлығын, тапқырлығын көрсетті.
Зияткерлік ойынының жұмысын - тарихшы, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы Шашенов Дархан Тастемірұлы (қазылар алқасының төрағасы), Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің«Геология және пайда қазбалар орынын барлау» кафедрасының аға оқытушысы Жунусбекова Гүлден Ермұханқызы және Қарағанды қалалық мәслихаты жанындағы экологиялық комиссия мүшесі, Қазақ клуб мүшесі, ауылшаруашылық саласының еңбек ардагері Келдібаев Сәкен Сәбиденұлы бағалады. Аты аңызға айналған қазақ ғылымын биікке көтеріп, ұлтына өле-өлгенше қалтқысыз қызмет еткенҚаныш Сәтбаевтың еңбегін оқып білуге, дәріптеуге шақыратын осы сайыс жайлы қазылар алқасы өз пікірлерін ортаға салып, ой бөлісті.
Сонымен қызу талқыдан өтіп, жеңіс тұғырына көтерілген жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып оза шапқан топтар анықталды:
- Арнайы дипломы және 35 мың теңге ақшалай сыйлығымен Қарағанды жоғары медициналық интерколледжінің «Алау» тобы және Қарағанды «Bolashaq» жоғары колледжінің «Bolashaqqa qadam» тобы;
- 3 орын дипломы және 63 мың теңге ақшалай сыйлығымен Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің «Жалын» тобы;
- 2 орын дипломы және 72 мың ақшалай сыйлығымен Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің «Форт» тобы; ,
- 1 орын дипломы және 90 мың ақшалай сыйлығымен А. Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің «Ер Едіге» тобы;
Сайыстан соң барлық жастар жиналып, кітапхана алдына қайың ағашын екті, Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне құрметпен тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Осындай зияткерлік әрі танымдық ойында барлық қатысушылар өздерінің талантын әр қырынан ашып, бар білімін көрсетті. Бұл әрбір студент үшін ең маңызды, ең толқынысты, жарқын эмоцияға толы және ұмытылмас әсерлі кеш екені сөзсіз. Жалынды жастарымыздың баршасына мақсаттарыңа жетіп, талаптарыңа нұр жаусын демекпіз.
Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы С.О. Телпекбаева