"Мына заман қай заман?

Азулыға бар заман

Азусызға тар заман" деп жырлаған қазақтың көрнекті ақыны, ақылгөй шешен жырауы Шортанбай Қанайұлының туғанына биыл 200 жыл.

Шортанбай Қанайұлы – 1818 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түркістан ауданының Қаратау бойында туып, Арқадағы Қарқаралы өңірін жайлаған елде 1881 жылы қайтыс болады.

Ол ХІХ ғасырда өз дәуірінің шындығын бүге-шігесіне дейін көрсете білген белгілі ақындардың бірі. Шортанбай белгілі бір ортаның немесе аймақтың ғана емес, барша халықтың мұң-мұқтажын толғады, көптің жоқтаушысы болды. Ресей отаршылдығының зорлығын көзімен көріп, жанымен, тәнімен сезінген ақын өзінің "Зар заман", "Бала зары", "Тар заман", "Опасыз жалған", т.б. толғаулары арқылы ақиқаттың астарын ашып көрсетті.

Елім деп еңіреп өткен өрен жүйрік бабамызға арналған өлкетану бөлімінде "Ойшыл, күрескер, жырау Шортанбай Қанайұлының туғанына 200 жыл" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеде жыраудың жыр – толғаулары мен шығармалары, айтыстары және ақынға  қатысты тарихи деректер мен материалдар топтастырылған.

Сонымен қатар, өз дәуіріндегі әлеуметтік қайшылықтарды, туған халқының отаршылдық езгідегі ауыр халін қаз-қалпы бейнелеп, ел-жұртын адалдық, адамгершілік, имандылыққа шақырған  Шортанбай Қанайұлына арналған 2002 жылы Алматы қаласындағы "Раритет" баспасынан жарық көрген "Қайран халқым", 2011 жылы Астана қаласындағы "Фолиант" баспасынан шыққан "Қай заман", 2013 жылы Алматы қаласындағы "Ана тілі" баспасынан шыққан "Шортанбай Қанайұлы шығармалары" атты кітаптары сөреден орын алған.

Жырау өмірін жан-жақты зерттеген белгілі жазушы Кәмел Жүністегінің "Шырғадан" мен "Соңғы абыз" романы, қарымды қаламгер Сәйділ Талжановтың "Өткен күндер сөйлейді", Сәрсенбі Дәуітұлы құрастырған "Зар заман" жинағы сияқты бірқатар кітаптар мен материалдар ұсынылған.

Құрметті оқырмандар, ХІХ ғасырдың саңлағы яғни зар заман поэзиясының бел өкілі Шортанбай Қанайұлының бізге қалдырған өшпес мұрасымен танысамын десеңіздер кітапханамызға келіңіздер! Оқыңыздар!

Өлкетану әдебиеті бөлімінің құжаттарды цифрлау қызметкері

Егінбай С.Ә.