[sigplus] Critical error: Image gallery folder material/news/kayum is expected to be a path relative to the image base folder specified in the back-end.
Ғасырлар қойнауынан алтын күндей жарқырап бүгінге жеткен қазақ әдебиетінің түп-тамыры әріде жатыр. Ауыздан ауызға жатталып мұра болып кеткен жыраулар әдебиетін мүлдем басқа арнаға бұрып, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған – Абай Құнанбайұлы. "Абай жолы" роман-эпопеясын жазып оны әлемге танытқан Мұхтар Омарханұлы. Ал бала кезінен Абайдың өлеңдерін жатқа айтып, оны жинақтап, зерттеп, тұңғыш мұражайын ұйымдастырып, сол үшін сотталып азап шексе де бетінен қайтпай бүкіл ғұмырын Абай мен оның ақын шәкірттеріне арнаған – Қайым Мұхамедханов.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, 1000-ға жуық ғылыми мақаланың авторы, ақын, жазушы, әдеби аудармашы, драматург, "Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған!" деп ұлтымыздың ғасырлар бойғы арман-мүддесін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген, Қазақ КСР Гимнінің авторы Қайым Мұхамедхановтың туғанына бүгінде бір ғасыр уақыт өтіпті.
Осыған орай, 26-қаңтар күні кітапханамыз "айшылық алыс жолды жақындатып, демде хабар алғызған" заманауи техниканың жетістіктері арқылы қасиетті жер Семей қаласымен онлайн конференциясын өткізді.
"Тамырын тереңге тартқан бәйтерек" атты шараның басты мақсаты – жастарға ұлы тұлға мұраларын насихаттап, кіндік қаны тамған Семей жеріндегі Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университетінің ұлағатты ұстаздарын тыңдап, тереңнен мағлұмат беру.
Шараны Семей қаласы бойынша ф.ғ.к., "Шәкәрімтану" орталығының директоры А.Т.Смағұлова тізгіндесе, Қарағанды қаласы бойынша белгілі айтыскер ақын, ф.ғ.к., доцент Айтбай Жұмағұлов жүргізді
{gallery}material/news/kayum{/gallery}
Жиылған жастарға Семейдегі Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Арап Сләмұлы Еспенбетов, Айгүл Әмірғалиқызы Рамазан бастаған ғалымның көзін көріп, әріптес болған, оның шығармашылық өмірбаянын зерттеген, "Қайымтану" курсын жүргізетін ұлағатты ұстаздардың әңгімелерін тікелей тыңдау мүмкіндігі берілді. Сондай-ақ, конференция барысында "Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы" қоғамдық қорының директоры, профессор Дина Қайымқызы Мұхамедхан осы шараға арнайы жіберген бейнежолдау көрсетіліп, Қайым Мұхамедханов сөзін жазған қазақ елінің еләні тыңдалды. Семей тарапынан шараға қатысқан ақын Құсмілия Нұрқасым мен "Абай" журналының бас редакторы, ақын Мұратбек Оспанов арнау өлеңдерін оқыса, Қарағанды жастары өздеріне берілген мүмкіндікті қалт жібермей көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алуға тырысты. Айтбай Жұмағұлов та өз кезегінде студент жастарға ғалымның өмірінен құнды деректер айтып, оларды қызықтыра түсті. Үлкен деңгейде өткен бұл шараның соңында Қарағанды гуманитарлық колледжі мен "Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелері Қайым ағаның шығармашылығынан тың деректер беретін кітап көрмесіне үлкен қызығушылық танытқаны ұйымдастырушыларды қуантқаны сөзсіз.