Алғы сөз

Қайсарлық пен қаһармандықтың символы іспеттес келе жатқан Ұлы Жеңіске 70 жыл толу мерекесіне орай Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы жоспарлаған Отан үшін от кешкен аға буын өкілдерінің жанкешті ерліктерін өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатындағы ауқымды іс-шаралардың бірі «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін!»: Ұлы Отан соғысындағы Қарағанды, «Все для фронта, все для Победы!»: Караганда в Великой Отечественной войне атты виртуалды кітап көрмесі.
Көрменің мақсаты: сұрапыл соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестеріміздің есімін ел есінде мәңгі қалдыру. Қарағанды облысының соғыс жылдарындағы жанқиярлық тылдағы еңбегі мен майдандағы өшпес ерліктері туралы мағлұмат беру. Оқырмандарды соғыс тақырыбына жазылған әдебиеттермен жете таныстыру.
Көрме 4  бөлімнен тұрады. Құрметті оқырман, бұл виртуалды кітап көрмесінен қан майданда парыз бен намысты алға қойған, елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай, қараниет жауға төтеп берген, табанды да қайсар мінезді жауынгерлеріміздің және тылда тынымсыз еңбек еткен ағаларымыз бен апаларымыздың ерен ерліктерімен таныса аласыздар.
Бүкіл халық бірлесіп фашизмге қарсы тұрған Ұлы Отан соғысының күйдіргі жылдары алшақтап барады. Жастар бұл оқиға жайлы тек кітаптар мен фильмдер арқылы, майданда соғысып және Жеңіс үшін тылда жұмыс істеген ата-бабалар сөздерінен ғана біледі. Ұлы Жеңісті сыйлаған майдангерлерімізді сыйлап, құрметтеу, оларға қамқорлық жасау - басты борышымыз.

Қарағанды облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында

Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ұлы оқиға. Оның қасиеті мен қасіреті жаныңды түршіктіреді. Әрі ерліктерге басыңды идіріп таң қалдырады. Елбасына күн туған кезеңдерде рух пен намыстың мықтылығы сыналды. Қанға боялған даласы, аңыраған анасы, жетім қалған баласы үшін кектенді. Жауға қарсы шайқаста елі мен жерінің бейбіт өмірі үшін от кешіп, кеудесін оққа төсеген жауынгерлер көрсеткен ерен ерлік өлшеусіз. Қарағанды облысының да  бұл жеңіске қосқан үлесі зор. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп, бостандықты қорғаған қарағандылықтардың есімі әрқашан ел есінде сақталады.  
Майдандағы армия қатарына Қарағанды облысынан 59935 адам барды. Облыста 72-ші Красноград, 387- Перекоп және  310-Новгород атқыштар дивизиялары жасақталды. Мәскеу түбіндегі шайқаста – 1267 адам, Ленинград үшін шайқаста – 1949, Сталинград түбінде – 2187, Курск иінінде – 1405, Украинаны азат етуде – 6869, Беларуссияда – 688, Балтық бойында – 823, Шығыс Еуропа халықтарын азат етуде – 934, Берлинді алуда – 375, жапон милитаристеріне қарсы соғыста – 39 қарағандылық қатысты. Майданға аттанғандардың әрбір төртінші адамы елге оралмады.
Жерлестеріміздің арасында немесе Қарағанды аймағында еңбек еткен 34 адам Кеңес Одағының Батыры, 15 Даңқ Орденің толық кавалері бар. Фашизмге қарсы күресте көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін 6600 қарағандылық Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталды.
Қарағанды облысында 2015 жылдың 1 ақпан күнгі дерек бойынша  274 Ұлы Отан соғысына  қатысушысы мен мүгедектері, 17122 тыл ардагерлері бар.





Copyright © 2015, karlib.kz