Қарағанды облысының 2024 жылғы өлкетану әдебиеттерін насихаттауға арналған көмек құралы: Библиографиялық әдебиеттер көрсеткіші / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. С.О.Телпекбаева. – Қарағанды, 2023 – 93 б.

Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қызметінде жыл сайын қазақ және орыс тілдерінде «Қарағанды облысының өлкетану әдебиеттерін насихаттауға арналған көмек құралы» атты библиографиялық әдебиеттер көрсеткішін жасау жақсы дәстүрге айналған. Қарағанды облысы бойынша бұл атаулы күндер мен айтулы оқиғалар күнтізбесі 1971 жылдан шығарып келе жатыр. Әрбір шығарылым тарихи оқиғалардың негізгі шежіресін жасап, жұртшылықты республика, облыс тарихындағы атақты ерекше үлес қосқан көрнекті тұлғалармен таныстырып келуде.

2024 жыл аймақ үшін ерекше жыл. Себебі аталған жылы Қарағанды қаласының және Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының құрылғанына 90 жыл толады. Бұл өңір еліміздің дамыған облыстарының біріне жатады. Қарқынды дамып келе жатқан Қарағанды Қазақстанның экономика, ғылым, өнер, білім салаларына едәуір үлкен үлес қосып келе жатқан өлке. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобадағы жүзеге асырылып жатқан істер өлкенің өркендеуіне серпін беріп келеді. Көрсеткіште аймақ туралы анықтама берілді.

Алдарыңызға ұсынылып отырған библиографиялық әдебиеттер көрсеткіші - қазыналы Қарағанды өңіріндегі маңызды және айтулы оқиғалар туралы ақпарат беруді, елімізде қолға алынып жатқан жаңа жобаларды жүзеге асыруды және өлкетану білімін кеңінен таратуын мақсат етіп отыр. Құралдың мазмұны қоғамдағы адамгершілік және рухани құндылықтардың нығаюына, Отанға және туған жерге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге бағытталған.

Керекті ақпаратты іздестіруде облыстық кітапхананың электрондық және дәстүрлі каталогтарынан, анықтамалық және библиографиялық басылымдар қорынан, интернет – ресурстарын пайдаланылды. Тарихи оқиғалармен жеке тұлғалар туралы мәліметтерді анықтап, іздестіруде көптеген анықтамалық басылымдар пайдаланылды: «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы, «Қазақ өнері» энциклопедиясы, «Қазақстан жазушылары», «Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр» анықтамалықтары, «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясы, облыстық мерзімді басылымдар және т.б.

Біздің ұсынып отырған күнтізбе материалдарын күнделікті жұмыстары үшін мәдениет, ағарту, ғылыми, тарихи, қызмет саласындағы мамандар, мұғалімдер, студенттер, БАҚ қызметкерлері, әртүрлі қоғамдық ұйымдар және өлкетану әдебиеттерімен танысқысы келетін барша оқырман қауым қолдана алады. Әсіресе білім беру мекемелерінде «Өлкетану» бағдарламасы үшін ерекше құнды.

Күнтізбенің құрылымы ақпаратты іздеуге ыңғайлы, мәліметтер хронология бойынша тізілген, басылымның басында сілтемелер мен әдебиеттер тізімі қоса берілген. Күнтізбе соңында «Анықтамасыз және әдебиеттер тізімісіз қосымша даталар» тізімі берілді. Айы мен күні белгісіз даталарды кітапханаларда жыл бойында қашанда болса атап өтуге болады.

Сондай-ақ күнтізбеде белгілі бір оқиғаның немесе адамның өмірбаянының мәні мен мағынасын сипаттайтын мәтіндік анықтамалар және әдебиеттің ұсыныс тізімдерімен толықтырылған, оның ішінде кітаптар, жинақтар, мерзімді басылымдардағы мақалалар. Әдебиеттер тізімі соңғы жылдарда жарық көрген мәліметтермен толықтырылды.

Көрсеткіш қазақ және орыс тілдерінде құрастырылды. Әдебиеттер тізімі арнайы бір жүйемен орналасқан: алдымен кітаптар кейін мерзімді басылымдар берілді. Барлық тізімдер алфавит бойынша орналасқан. Кейбір әдебиеттер тізімінде мүмкіндігінше электронды толық мәтінді онлайн-ресурстарға сілтемелер көрсетіледі.