Тәуелсіз мемлекеттің негізгі шарты – айналымда өзінің ұлттық валютасының болуы. Биыл біздің Отанымыз өз валютасы - теңгеніңресми түрде айналымға енген уақытын, яғни, 29 жыл толуын атап өтуде. Ең алғаш рет  Республиканың ақша бірлігі 1993 жылы 15 қарашада енгізілді. Ол 1993 жылғы 12 қарашада қол қойылған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» ҚР бұрынғы Президентінің №1399 Жарлығымен бекітілді.  Сол күннен бастап 15 қараша «Ұлттық валюта – теңге» күні деген атқа ие.

Теңге – мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігі нышандарының бірі. Теңге қолданыс барысында халықаралық нарықта танымалдыққа ие болып, жаңа қоғамдық қатынастардың дамуындағы басты факторлардың біріне айналды.

 Ұлттық валюта күніне орай, кітапхананың оқу залдары бөлімінде «Теңге – тәуелсіздік тұмары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме сөрелерінде осы күнге арналған энциклопедиялар, анықтамалықтар, кітаптар, газет-журнал мақалалары, оның ішінде: Ербол Шаймерденнің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері» (Алматы, 2015 ж.) атты көркем безендірілген фотокітапта Мемлекеттік рәміздер мен Тәуелсіздік нышандары, Қазақстан Республикасы Ұлттық валютасының алғашқы үлгілері көрсетілген және теңгенің өзгертілген дизайны ұсынылған.

Теңгенің шығуына үлес қосқан және теңге дизайнын құрастырғандардың бірі Х.Ғабжәлеловтың «Теңге» (Алматы, 2003 ж.) атты кітабын да ерекше атап өткен жөн. Бұл көркем суретті кітапқа Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» жарлығы, теңгенің шығу тарихы, ең алғашқы Қазақстан Республикасының Банкнот фабрикасының ашылу сәтінің суреттері енгізілген.

Төл теңгеміздің дизайнының ауысу барысындағы негізі белгілерін, құнды айшықтарын, онда берілген таңбалардың мағынасын ашып көрсететін басылымдар да осы көрмеден табылады.

Сонымен қатар, мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген бірқатар мақалаларды оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

«Орталық Қазақстан» газетінің 2021 жылдың 13 қарашадағы санында «Тәуелсіздік һәм теңге – егіз ұғым» аттымақаласы жарияланған. Бұл мақалада теңгенің тарихы, ұлттық валютамыздың дизайнын жасау барысындағы жұмыстар туралы әңгіме өрбіген.  Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» газетінің 2020 жылдың 13 қарашасындағы«Ұлттық валюта һәм қолтаңба»атты мақаласында тұңғыш теңге авторларының бірі, Х. Ғабжәлеловтың ұлттық теңгенің шығаруы, оның айналысқа түскендегі бағамы, банкноттардың сапасы мен дизайны туралы ақпарат жан-жақты берілген. Ал, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф Нұрлан Сәрсенбаевтың «Тұңғыш ұлттық ақша айналымға түскен кез» атты мақаласы Үркер (2020, №12) журналында жарық көрген, тағы бір құнды мақала да оқырман назарынан тыс қалмақ емес.

Жиырма жылдан астам тәуелсіздік ел тарихымызда, мемлекет мәртебесін өсіру мен экономикасының нығаюы жолында  - теңгенің орны ерек болды. 29 жылдық ғұмырында теңге, тәуелсіз елдің маңызды рәмізі екенін дәлелдеп шықты. Теңгенің болашақтағы қызметіне де сеніміміз мол.

Құрметті оқырмандар, Тәуелсіздік жолында қолымыз жеткен мемлекеттік рәміздеріміздің негізгі нышандарымен,
төл теңгеміздің шығарылу тарихымен танысып, мағлұмат алғыларыңыз келсе біздің кітапханамызға келіңіздер!

 

 

Оқу залы бөлімінің кітапханашысы: Майданбекова А.Д.