Халқы барда Қасым жырының нарқы барын Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өткен дәстүрлі V Қасым оқуларына жиналған оқырман қауым тағы бір мәрте айғақтады.

Бұл күні тағы да қазақ поэзиясына ерекше құбылыс болып келіп, өлең әлемінде өршіл рухпен төңкеріс жасаған дауылпаз ақынның жырлары оқылды.

Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мен облыстық Н.В. Гоголь атындағы әмбебеп ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен ақын мұраларының құндылығын тыңдарман қауымға насихаттау, жырларын жатқа оқу, жастарымызды отансүйгіштікке баулу мақсатында ерекше ән мен жыр кеші өтті.

Мерейтойлық V Қасым оқуларының ерекшелігі Қасым ақынды жан-жақты танып, шығармаларына үңіле отырып сурет салу, жыр арнау, әндерін орындау еді.

Көпшілікке танымал "Қуаныш" би ансамблінің көркем биімен ашылған кеш, ақынның асқақ өлеңдерін оқыған кішкентай бүлдіршіндермен жалғасын тапты.

Мәдени шара төрт конкурстық жүйемен өтіп, әділ қазылар алқасының сарабына түсті. "Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ..." атты дәстүрлі V Қасым оқуларының байқауына бақтарын сынап келген Абай, Бұқар жырау, Шет аудандары мен Саран, Шахтинск, Теміртау және қаламыздың білім ордаларынан жас дарындар мен талантты жас жеткіншектер қатысты.

Байқау талаптарына сай "жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарлардың" өнерін Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Қ.Т. Ашкеев, Қазақстан Жазушылар одағы облысаралық бөлімшесінің директоры, ақын Серік Ақсұңқарұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, журналист Қ.Д. Асанов, республикалық "Қасым" журналының Бас редакторы, ақын С. Сағынтай, бірнеше халықаралық ән байқауларының лауреаты, әнші С. Мұсайын, Халықаралық Шабыт фестивалінің лауреаты, ақын М. Асан, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы А. Мирзахметовтер бағалады.

Қазылар алқасы үміткерлердің өнерін бағалау кезінде оқу шеберлігіне, өз шығармаларының мазмұндылығы мен көркемдігіне, сахна мәдениетін сақтауына баса назар аударды. Жалпы төрт конкурсқа қатысушы үміткерлер саны 80 болды.

Қазылар шешімі нәтижесінде "Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы..." атты Қ. Аманжоловтың шығармаларын мәнерлеп оқу бойынша

  • 1 орын - Нақышпанова Маржан (Бұқар жырау ауданы, Үміткер ауылы, 10-сынып оқушысы),
  • 2 орын - Нұртай Айсұлу (Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ 3 курс студенті),
  • 3 орын - Набокина Элона (Е.А.Бөкетов атындағы №52 мектептің 6 сынып оқушысы) иеленді.

"Қазақтың әні мен өлеңін найзадай көтеріп келемін" атты бөлім бойынша Қасым әндерін орындау байқауында

  • 1 орын - Құлымжанов Нұржан Мауленұлы (Н.В.Гоголь атындағы ОӘҒК),
  • 2 орын - Амантай Аңсар (Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ 3 курс студенті),
  • 3 орын - Аманжол Тілек (Бұқар жырау ауданы, Доскей ауылы) мен Сейдіғалиева Ботакөз (№15 жалпы білім беретін мектептің 8 сынып оқушысы) иеленді.

"Дүниеге келер әлі талай Қасым..." атты бөлім бойынша жас дарындардың өз шығармаларын арнау байқауында

  • 1 орын Алтынбек Бекзат (Шет ауданы),
  • 2 орын - Сәулехан Кәусария (Жамбыл атындағы облыстық №7 ДБАММИ 9 сынып оқушысы),
  • 3 орын - Құрал Шалқар (химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы) иеленді.

"Өлеңмен өрілген суреттер..." атты бөлімде ақынның шығармалары бойынша сурет салу байқауында

  • 1 орын – Идирисов Айдар (Бұқар жырау ауданы),
  • 2 орын – Балдикова Әмина ("Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар үйі Теміртау қаласы),
  • 3 орын – Гладких Мария (№38 гимназияның 7 сынып оқушысы), Куришбекова Малика (№38 гимназияның 7 сынып оқушысы) Поперцак Алексей ("Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар үйі" Теміртау қаласы) ие болды.

Барлық қатысушыларға Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы атынан алғыс хат табыс етіліп, ақынның жыр жинағы мен "Қасым" журналы сыйға тартылды.

Шабыты шаңқан, таланты телегей теңіз, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың құрметіне арналған дәстүрлі V Қасым оқуларының алға қойған мақсаты орындалды. Ақын рухы жас ақындарымызға қуат беріп, асыл жырлары жүректеріне шуағын төкті.

Қасым – қазақтың ақыны. Қасымды ұлықтағанымыз қазақты ұлықтағанымыз!

"Орталық Қазақстан", "Арқа ақшамы" газеттерінен толығырақ оқыныздар.

Өлкетану әдебиеті бөлімінің меңгерушісі С.О. Телпекбаева