Құрметті оқырман!

Біздің кітапхана қоры 5 томдық "Кемел" атты керемет сыйлық басылыммен толықты. Кітаптың авторы - жазушы Мырзагелді Кемел. Әр томы оқырманды атауымен-ақ қызықтыратыны сөзсіз: "Ойтұмар", "Ойдана", "Ойсана", "Ойтаным", "Ой-дәптер".

 

Кітапхана қорына өз қалауымен әрі қолтаңбасымен аталмыш басылымды сыйлыққа ұсынған Мырзагелді ағамызға дән ризамыз. Ал кітаптарға аздап жекелей тоқтап айтар болсақ, "Ойтұмар" кітабына Мырзагелді Кемелдің негізгі шығармашылық еңбектері – публицистикалық жұмыстары мен зерттеулері және аудармалары енгізілген. Олардың ішінде Конфуцийдің, Луций Анней Сенеканың, Альберт Эйнштейннің, Ямамото Цунетомоның, Толстойдың, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Әбіш Кекілбаевтың, Ғарифолла Есімнің өмірі мен шығармашылығы жайлы баяндары бар. "Ойдана" және "Ойсана" кітаптарына Пауло Коэльо, Бальтасар Грасиан, Луиза Хей, Джон Кехо еңбектерінің аудармалары жинақталған. "Ойтаным" кітабы өзін-өзі тану, руханият саласын қызығып оқитын көпшілік қауымға арналған. "Ой-дәптер" кітабы ұзақ жылдар ішінде күнделік-дәптеріне түскен ой-толғаныстарынан құралған.

Құрметті оқырман, кітап сүйер қауым! Жан дүниеңізді жайлылыққа, жарасымдылыққа, рухани байлыққа толтырғыңыз келсе, осы еңбектер Сіздер үшін.

Қоғам қайраткері, профессор, экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемел 1949 жылы 15 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында дүниеге келген. 2004 жылы экономика ғылымдарының докторы ғылыми атағын алған. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, 14 монографияның, 100-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы. Кітапхана қорында жазушының екі томдық шығармалар жинағы және "Өзіме сабақ", "Абзалдық әліппесі" т.б. кітаптары да бар.

Осындай қызықты, танымды, мағыналы, рухани адамгершілікке, имандылыққа, ақыл-парасатқа үндейтін кітаптарды сыйға тартқаны үшін Мырзагелді ағамызға алғысымызды білдіре отырып, шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілейміз!