Қазақ сахнасының саңлағы : Бикен Римованың 100 жылдығына : библиографиялық жадынама / Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. Ж. С. Шохшина. – Қарағанды, 2023. – 6 бет.

Биыл елімізде өнер мен мәдениет саласына үлес қосқан бірқатар азаматтардың мерейтойлары аталып өтіледі. Солардың ішінде кино экраны мен театр сахнасында қазақтың талай ару қызы мен абзал аналарының сүбелі образын сомдаған талантты актриса, қаламгер, драматург, Қазақстанның халық әртісі, Қырғыз Республикасы өнерінің еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Бикен Римова бар. Биылғы жылы актерлік болмысы өзгеше, ешкімге ұқсамайтын, халқымыздың дарынды өнер қайраткері Бикен Римованың туғанына 100 жыл толып отыр. Оның творчестволық жолы ұлттық театр, киномыздың даму тарихымен тікелей өзектес. Шын мәнінде халқының әртісі аталған белгілі өнер шеберінің кешегісі мен бүгіні баршамызға өнеге.

Ендеше, құрметті оқырмандар! Қазақ сахнасында ғана емес, жалпы кино әлемі мен театр сахнасында бейнеленген кейіпкердің өмірі мен өнер жолы туралы қызықты да, танымды деректер жинақталған "Қазақ сахнасының саңлағы" атты библиографиялық жадынаманы назарларыңызға ұсынамыз.

Көрсеткішті құрастыру барысында облыстық кітапхананың каталогы, өнер әдебиеттер бөлімі мен ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің қордағы кітаптары, тарихи танымдық анықтамалар мен әдеби еңбектері, мерзімді басылымдар беттеріндегі деректі мақалалар пайдаланылды.

Библиографиялық жадынамаға өнер иесінің өмірбаяны және ол туралы жазылған әдебиеттер мен мақалалар тізімі енгізілді. Мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары мен шығармаларының тізімі хронологиялық ретпен орналасқан.

Библиографиялық жадынама өнерсүйер қауымға, өнертанушы жастарға, сондай - ақ көпшілік оқырманға арналған.