Бүгін бір апта бойы «Бүгінгі сән – КІТАП ОҚУ!» атты балалар мен жастар кітабы апталығын өткізіп, оқырмандарға түрлі шаралар ұйымдастырып, Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні мен Қазақстандағы балалар жылын достарымызбен бірге атап өткен Апталығымыз да өз мәресіне жетті.

Кітап оқуды сәнге айналдыруды мақсат тұтқан кітапхана апта бойы пікір алмасу алаңдарын, кездесу кештерін, кітап тұсаукесерлерін, квест ойындарын, әдеби турлар мен сағаттар өткізіп, рухани орданы мерекелік көңіл-күймен әрледі.

Қатарымызға жаңа оқырмандар мен белсенді еріктілер қосылып қана қоймай, қорымыз жаңа сыйлық кітаптармен толықты.

Ал бүгін Апталықтың шымылдығы жергілікті автор Ғабдыманап Жазыбаевтың «Тағдыр» атты кітабының тұсаукесерімен жабылды.

Кітап авторы Ғабдыманап Серікұлы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Нұраталды кеңшарында дүниеге келген. Шет ауданының тұтынушылар қоғамында, Приозерск, Қарағанды қалаларының әкімшілігінде қызмет еткен. Қазіргі таңда зейнеткер. «Менің Нұраталдым», «Тұғыр» атты кітаптарының авторы. Бірнеше мақалалары баспасөз беттерінде жарық көрген.

Өмірде алдымыздан шығатын кішкентай сынға шыдас бермей, жігеріміз құм болып, жанарымыз су алып, жасып жатамыз. Ал тағдырдың қатал тұзағына түссек қайтпек керек?.. Тағдырдың тауқыметін көріп, қиындығына мойымаған қайсар жандардың қатары көп өмірде. Өз кезегінде жігері жасымаған жандар өмірге деген құлшынысын арттырып, еңбекке араласып, қоғамға пайдалы іспен айналысып жүр.

Сондай жандардың бірі тұсауы кесілген жаңа кітаптың басты кейіпкері - Таңсәуле Серіков, техника ғылымдарының докторы, «Жас ғалымдар», «Жан жылуы» сыйлықтарының иегері, Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан жүзуден қола жүлдегері (2019).

Нағыз қайсарлық пен қайтпастықтың құнын көрсетіп, ерік жігердің мықтылығына мысал болған жаңа кітаптың бас кейіпкері Таңсәуле Серіков өз басындағы өтіп жатқан тағдырының қиыншылығына төтеп бергенін айтты. Алдынан кезіккен аланың сынағы өз мақсатына жетуге кедергі бола алмағанын, денсаулығының жағдайына қарамастан докторлық диссертациясын нәтижелі түрде қорғап, ғылыми салада үлкен жетістіктерге жеткенін, ата-анасының мақтанышы, үш баланың әкесі екенін әсерлі әңгімелеп берді.

Шара барысында кітап авторы Ғ.Жазыбаев кітапты жазуда өткенді ой елегінен өткізіп, негізгі деректерді жинастырғанын, оны бір арнаға толыстырып, басынан өткен қиын кезеңдерді қалай жеңіп шығуға болатынын ортаға салды. Осындай шараны өткізуге мұрындық болған кітапхана ұжымына алғысын жеткізді.

Ал кітаптың лентасын Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Ә.Тойжігіт пен ардагер журналист, ақын С.Қабылдаұлы кесті.

Кешті жүргізген «Saryarqa» телеарнасының журналисі Гүлбақша Беркін кітап авторы ғұмырнамасынан мәлімет беріп, жиналғандарды Ғабдыманап ағаның өмірінен алынған қиында, қызықты деректермен таныстырды.

Кешке келген көпшілік қауымның арасынан сөз кезегін алған туысқандары мен достары авторды құттықтап, кітап жайлы өз ойларын ортаға салды, жүрекжарды лебіздерін білдіріп, иығына шапан жапты, әнмен шашу шашты.

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.Телпекбаева