Отан ұлдар: Мұхамедхан Сейітқұлов және Қайым Мұхамедханов: библиографиялық жадынама / Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст.: Ұ.Ө.Жамауова. – Қарағанды, 2020

ХХ ғасырдағы Сталиндік зұлмат қазақтың талай әулетін шаттығынан айырып, шаңырағын ортасына түсірген. Ұрпақтарының жүрегіне өшпестей сызат салып, жандарын жаралаған. Бір ғана Мұхамедхановтар әулетін (әкелі-балалы Мұхамедхан Сейтқұлов және Қайым Мұхамедханов) алып қарайтын болсақ, әке мен бала не азапты көрмеген десеңізші.

Сол заманда биліктен теперіш көрген белгілі абайтанушы, қазақтың аса ірі ғалымы Қайым Мұхамедханов ұлы ақын Абайдың шәкірттерін зерттегені үшін қуғын-сүргін көріп, абақтыға қамалып, азап шеккені жайында бұған дейін аз айтылып, аз жазылмаған. Ал, ғалымның әкесі, сол заманның белгілі алаш меценаты, сталиндік қуғын-сүргін құрбаны Мұхамедхан Сейтқұловқа жазықсыз жала жауып нақақтан ату жазасына кескен. Осындай қиындыққа толы азапты күндерді бастан өткерген әкелі балалы ұлт жанашырларының өмірі мен шығармашылық белестері жайлы, халқымызға тигізген пайдасы туралы не білеміз?

 

Ендеше, құрметті оқырмандар абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың туып-өскен, білім мен білік жинаған, үлгі-өнеге алған ортасы туралы және алаш қайраткері, ұлт жанашыры Мұхамедхан Сейтқұловтың өмірі мен үлгі-өнеге беретін зиялы ортасы жайлы қызықты да танымды деректер жинақталған «Отан ұлдары: Мұхамедхан Сейітқұлов және Қайым Мұхамедханов» атты библиографиялық жадынаманы назарларыңызға ұсынамыз.

Жадынама көпшілік оқырманға арналған.