Мемлекеттік тілді үйренушілердің кітапханадағы ақпараттық ресустарға қол жетімділігін арттыру мақсатында 2008 жылы оқу залында "Қазақ тілін үйрену ресурс орталығы" ұйымдастырылды. Орталыққа қазақ тілін үйренушілерге арналған оқулықтар, оқу құралдары, әдістемеліктер, тілашарлар, сөздіктер жеке-жеке топтастырылып қойылды. Мемлекеттік тіл мәселесі бойынша өткізілген конференция материалдары мен  қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қоғам өмірінің барлық салаларында әмбебап қолданудың тың жолдарын ұсынған тіл мамандарының еңбектері де қамтылды. Қор жыл сайын толықтырылады. Оқырмандар, яғни, қазақ тілін өз бетімен үйренушілер, сонымен қатар, қазақ тілін үйретуші – қазақ тілінің оқытушылары және басқа да қызығушылық танытушылар заман талабына сай дискмтүрінде шыққан оқулықтарды, әдістемеліктерді, жалпы қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетінен бағыт-бағдар беретін еңбектерді пайдалана алады. Солардың бір легімен сіздерді таныстыруды жөн көрдік.

  • Қапалбекова, Г. Ұлттық этикет : оқу құралы / Г. Қапалбекова ; жауапты  ред. Б. Қапалбек. - Алматы : Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2013. - 160 б. + 1 эл. опт. диск (CD-ROM).

Қазіргі таңда қазақ тілін үйретуге, үйренуге байланысты құралдың түрі көп. Олардың саны жыл сайын арта түсуде. Сондай құралдың бірі – Мемлекеттік тілді дамыту институтының қызметкерлері дайындаған қазақ тілінің лингафон курсына арналған "Ұлттық этикет" атты оқу құралы. Мұнда ұлттық этикетті тіл мәдениеті арқылы үйрету жақтары барынша қарастырылған. Кітапқа қосымша ретінде шығарылған аудиодиск арқылы тіл үйренуші түрлі жағдаяттағы сөйлеу үлгілерімен танысады. Қазақ тілінің материалдары орыс тіліндегі материалдармен салыстыра берілген.

Еңбекті түрлі курстарда қазақ тілінен сабақ беретін оқытушылар көмекші әдістемелік құрал ретінде пайдалана алады.

  • Қазақ тілі : анықтамалық /  жауапты ред. Б. Қапалбек. - Алматы : Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2013. - 96 б.

Анықтағышқа қазақ тілін үйренуде ең қажет деген грамматикалық формалар жинақталған. Тіл деңгейлері дыбыстан бастап, күрделі синтаксистік құрылымдарға шейін толық қамтылған.

Кітап қазақ тілін үйренушілерге көмекші құрал ретінде ұсынылады.

  • Ильясова, Н. Б.  Қазақ есімдері : орыс аудиториясына арналған оқу құралы / Н. Б. Ильясова. - Алматы : Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2013. - 253 б.

Елімізде өмір сүріп жатқан, бірақ мемлекеттік тілді әлі меңгермеген өзге ұлт өкілдері белгілі бір мөлшерде қазақ есімдерін жатқа біледі. Сондықтан автор "тіл үйренуші қанша есімді жатқа білсе, оның сөздік қорында сонша сөз бар. Осындай жатталған сөздерді тіл үйретуге пайдалану керек"  - дей отырып, қазақ тілін оқып-үйренуді  қазақтың ат қою дәстүрімен байланыстыра оқытады.  Еңбек қазақ тілін өз бетінше үйренушілерге, оқытушыларға, сондай-ақ қызығушылық танытқан қалың көпшілікке арналған.

  • Ақбай, Н. Қазақтың дәстүрлі атаулары : энциклопедиялық сөздік / Н. Ақбай. - Алматы : Арда+7, 2013. - 495 б. : түрлі-түсті фотосурет.

Әрбір мәдениетті азамат өз халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, жол-жорасын, ділі мен дінін білуі әрі құрметтеуі тиіс. Осы орайда, қазақтың дәстүрлі мәдениет атаулары ғылыми тұрғыда сараланып, реттеліп берілген энциклопедиялық сөздіктің алатын орны зор.

Көпшілік оқырман салт-сана, дәстүр, жол-жора, әдет-ғұрып, наным-сенім, діл мен дін, рух, жұлдызнама, ғарыштану сияқты ұғымдардың мән-мағынасына тиісті анықтамалар мен мысалдар арқылы үңіле отырып, нақты мағлұматтарды біле алады.

  • Қайдар, Ә.   Қазақ тіліндегі қос сөздер:зерттеу және сөздік : монография / Ә. Қайдар. - Алматы : Сардар, 2013. - 456 б.

Қазақ тілінің сөздік құрамында ерекше орын алатын ең көне әрі құнарлы да жиі қолданылатын бай қазынаның бірі – қос сөздер. Монографияның бірінші бөлімінде қос сөздер категориясының тілдік табиғаты, жасалу тәсілдері мен құрамдық, мағыналық топтары, лексика-фонетикалық және грамматикалық заңдылықтары, шығу тарихы және тілдегі қолданыс аясы мен лексикографиялық сипаты кең түрде сөз болады. Екінші бөлімінде қос сөздердің түсіндірме сөздігі берілген. Еңбек қазақ тілінің бай қазынасын тереңірек білгісі келген оқырман қауымға арналған.

  • Қайыржан, К. Сөз-сандық : қазақтың көне сөздері / К. Қайыржан. - Алматы : Өнер, 2013. - 477 б.

Тағдыры талай талқыға түскен халқымыздың жосыла көшкен, амалсыз жортқан өмір жолдарымен бірге сөздік қоры да шашырап кеткен. Кейінгі үш ғасырдың өзінде қазақ тілінің сөздік қорынан жүздеген сөздер жоғалып кеткен. "Өнер" баспасы соңғы онжылдықтарда Қытайдағы және басқа да шет мемлекеттердегі қазақтардың тіл мәдениетін бүгінгі өзіміздің тәуелсіздік өркениетімізге қосу жолында толассыз еңбек етіп келеді. Ұсынылып отырған Кәкеш Қайыржанның "Сөз - сандық" жинағынан да халқымыздың тілде қолданылуы түгіл, ой-санасынан мүлде жоғалып бара жатқан көптеген көне сөздердің мән-мағынасына үңіліп, зерделеуіңізге болады.

Қымбатты көзі ашық, көкірегі ояу оқырман қауым! 

Сіздерді кітапхана қорындағы жаңа әдебиеттермен жақынырақ танысуға шақырамыз.