17 сәуір "Фемида" заң колледжінде "Жалын кешкен жазушы" атты патриоттық сабақ өтті. Халқымыздың күллі адамзатпен  бірге жасаған ең ұлы  ерлік дастанының ең басты қаһармандарының бірі, жас оқырманның ең сүйікті жазушысы, тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы  Халық Қаһарманы – Қасым Қайсенов туралы.

Қасым атамыздың туғанына 100 жыл толуына байланысты шарада батырымыз туралы жан-жақты ашылды. Сонау сұрапыл жылдарда "Вася" деген атпен бүкіл Украинаны дүңкілдеткен, бұрын қазақ деген халықты көрмек түгіл, естімеген алуан ұлттардың арасында жалғыз өзі жай оғындай жарқылдап, бізге шекеден қарайтын үстем нәсілдердің алдында "біз -  осындай халықпыз" деп батырлығын, адалдығын, әділдігін дәлелдей білген арқалы азаматымыздың аты бүгін де жарты әлемге әйгілі екені жайлы студенттер де қызыға тыңдады. Студенттер, мұғалімдер тарапынан алуан сұрақтар қойылып, көрнекілік ретінде дайындалған слайдтағы суреттерді ынтамен қарап, өз ойларын айтып, белгілі тұлғалардың Қасым атамыз туралы ақтарыла шерткен естеліктерімен де бөлістік.

Әйгілі партизанның қарапайым да жатық тілмен жазылған шығармаларына қойылған көрмеге шолу жасалды. Бұл еңбектер ерлікті аңсаған жас ұрпақтың сүйікті кейіпкері ретінде, жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелейтіні, ерлікке баулитыны туралы да тиек етілді. "Аңыз адам", "Жұлдыз", "Жалын" журналдарынан, "Егемен Қазақстан", "Жас алаш", "Орталық Қазақстан" газеттерінде жарық көрген мақалаларды, Қасым атамыздың шығармалары таныстырылды. 

Студенттердің Қасым Қайсенов туралы дайындаған сұрақтарымызға мардымды жауап беруі қуантты! Оның ерлігін, үлкен жүректі азамат ретінде танитынын естіп, мықты ұрпақ өсіп келеді деп түйдік! Ұрпақ басына тағдыр сыйлаған бақ пен мойнына тарих артып отырған парызына  қалыссыз қаныға түскендей болдық!

Сонымен қатар, "Қасым" фильмі  көрсетілді. Қасым атамыздың ерліктері баяндалатын бұл туындыны студенттер қауымы ерекше қызығушылықпен көрді. Сабақ соңында, Қасым атамыз жайлы естеліктер, оның қаламынан туған шығармалар ешуақытта ескірмейтіні, мәнін жойматыны айтылды. Өйткені, сүйікті ұлына деген халқының шынайы махаббаты да мәңгі-бақи сөнбек емес.

Мерзімді басылымдар секторы Айтбаева К.Т, Күлмағамбетова Г.С.