Ақпан айының 19 күні кітапхана қызметкерлері ҚММУ жанынан құрылған Қарағанды медицина колледжінде қоғам және мемлекет қайраткері Жанайдар Сәдуақасовтың туғанына 120 жыл  толуына орай "Азаттық күрестің ардагері" атты ақпараттық сағатын өткізді.

Іс-шара барысында, Алаш қозғалысына қатысушы Жанайдар Сәдуақасовтың қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде тану, мемлекеттік, қоғамдық мекемелер мен ұйымдарда орыс тілімен қатар қазақ тілінде де іс жүргізу, декреттер мен міндетті қаулылар, өзге де заңнамалық актілерді қазақ тілінде шығару туралы "Қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жөніндегі Декретті" әзірлеуге қатысқандығы, Қазақстанда заңдылықты нығайтуға, заң кадрларын тәрбиелеуге, заңнамаға халық мүддесіне қажетті заң баптарын енгізуге, халықтың құқықтық сауатын жетілдіруге, соттық тергеу желісінде реформа жүргізуге қосқан еңбегі туралы айтылды.

Жалпы медицина факультетінің студенттері қайраткердің ұлт жолында атқарған ерлігі жайында айтылған естеліктерді зер сала тыңдады. Рухани байлықтың иесі шынайы тұлға Ж. Сәдуақасов  бізге отансүйгіштікке, білімділік пен біліктілікке, адалдық пен азаматтықтың нағыз үлгісі болатындай мол мұра қалдырған кемел азамат.

Өткізілген шарадан студенттер әдеби ақпарат алып, мемлекет қайраткерінің қоғамға қосқан сүбелі үлесін презентация арқылы көріп, Алашордашының бейнесін фото шежіре арқылы таныды.

Ұлт тарихына із қалдырар мақсатшыл, жазықсыз саяси жүйенің құрбандары бүгінгі күнде есімдері ақталып, тарихымызда кеңінен зерттелу үстінде. Сыр – сандық сынды тағдыр иесінің тарихтан өз орнын алуына ізденіспен үлес қосу, байсалды бастама жасау – Сіз бен біздің міндетіміз!

"Заман талабы – рухани даму" демекші, рухани өрісімізді кеңейту мақсатында кітапханамыздың сөрелеріндегі сырға толы тарихи мұраларымызды зерттеп, оқуларыңызға мүмкіндік мол. 

Серікжанова А., сектор басшысы