Ахмет Байтұрсынов – біріншіден, қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы. Соңынан із салған жаңашыл ағартушы. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсыновтың әліпбиімен ашып, ана тілін Байтұрсыновтың “Тіл құралы” арқылы оқып үйренді.

Рәбиға Сыздықова

Әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш Орда өкіметінің мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 145 жыл.

2017 жылдың сәуір айынан бастап кеңінен талқыланып, жүзеге асырылып жатқан Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді тілге тиек етумен қатар, ұлыларымызды ұлықтау, рухани мұрамызды сақтап қалудың бір жолы өткен тарихқа үңілу екендігі айтылған. Сол тарих беттеріне қарайтын болсақ, қазақ тілінің тұңғыш оқулықтарын жазып, графикасын реттеуші, сол арқылы тіл білімінің іргетасын қалаушы, қазақ әліпбиінің атасы Ахмет Байтұрсынов.

Дара тұлғаның қазақ халқына білім беру жолындағы атқарған ерен еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында, оқу залдары бөлімінде "Дәуірдің дара тұлғасы" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алатын ұлы ұстаздың еңбектері мен ол туралы құнды деректер ұсынылған.

А. Байтұрсынұлының ұлттың абыройы мен сана-сезімін көтеруге арналған "Қырық мысал", "Маса", қазақ әдебиеттану ғылымының негізі бастауы болған "Әдебиет танытқыш" және қазақ тіл білімінің мәселелері туралы "Тіл тағылымы", "Тіл білімінің мәселелері" атты еңбектері көрмеден басты орын алады. Сонымен қатар, көрмеде Ахмет Байтұрсыновтың И.А. Крыловтан аударған мысалдары топтастырылған жинақ та кездеседі.

Ахмет Байтұрсынов туралы қалам сермегендер аз емес. Солардың кейбіріне тоқталып кетсем. Р. Сыздықтың "Ахмет Байтұрсынов" атты кітапшасында ғалымның ғылыми-педагогикалық мұрасы мен әлеуметтік қызметі жөніндегі бірсыпыра материалдар ұсынылып, оларды талданып берілген.

Ұлттық рухымыздың ұлы тіні, қазақ ұлтының ар-ожданы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық өмір жолы, мемлекеттік және қоғамдық қызметтері туралы ақпараттар Р. Имаханбетовтың "Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұрсынұлының ғұмырбаяны" атты монографияда жарияланған.

Ө. Әбдиманұлының "Ахмет Байтұрсынұлы" атты кітабында ұлағатты тұлғаның тағдыр-талайы шығармашылық даналығымен ұластыра зерделеніп, жан-жақты баға берілген.

Ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекет құрудың жолында Алаш қайраткерлерімен бірге құрбан болған Ахмет Байтұрсыновтың "Алаш" автономиясының құрылуындағы орны, атқарған қызметі туралы құнды еңбектер де осы көрме сөрелерінен бой түзеген.

Құрметті оқырмандар, ұлттың ұлы ұстазы, ХХ ғасырдың саңлағы Ахмет Байтұрсыновтың бізге қалдырған өшпес мұрасымен танысамын десеңіздер кітапханамызға келіңіздер! Оқыңыздар!

 Серікжанова А. Оқу залы