Барша адамзат үшін дамудың, азаттықтың дәуірі болған XX ғасырды Қазақ елі бодандықтың бұғауында қарсы алғаны ақиқат. Осы бір аласапыран заманда бүтіндей бір ұлттың сенгені тек оқыған азаматтар болатын. Елдің егемендігін қалпына келтіріп қана қоймай озық, өркениетті елге айналдыруды көздеген Алаш қозғалысы да дәл осы заманда «қараңғы қазақ көгіне күн болып өрмелеп шықты». Қозғалыстың басында оқыған,саяси сауатты, ең бастысы ұлтын сүйетін ұлы тұлғалар Ә. Бөкейханов, Ә.Ермеков, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М.Тынышбаев, Б.Қаратаевтардың ізін басқан: С.Сәдуақасов, Ж. Аймауытов, Ж. Досмұхамедов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, М. Шоқай сынды саңлақтар тұрды. Олар ұлты үшін аянбай қызмет етті, көздегені – халықтың мүддесі, мақсаты – жастарды ұлттық дүниетаным негізінде оқыту, ана тілін дамыту және қазақ даласында оқу орындарын ашу болатын. Дегенмен большевиктер Алашордашылардың өз бағдарламасын жүзеге асыруына мүмкіндік бермеді. Осылайша, барша қазақ халқының ұлттық рухының тамырын жою үшін ең алдымен осы қозғалыстың басында тұрған Алаш зиялыларының артына түсіп, оларды соттады, жер аударуға мәжбүр етті, соңында ату жазасына кесті.

Сондықтан, Қазақстан тарихында «Алаш» қозғалысы – ХХ ғасырдың басында Семей қаласында оянған дәуіріміздің ұлы оқиғасы ретінде тіркелді. Сонау 1920 жылдардағы күйреуге қарамастан, «Алаш» идеясы ұлттық мемлекетіміздің іргелі негіздерін қалады және жаңа тарихи жолы – Тәуелсіз Қазақстан жылдары қайта жаңғырды.

2017 жыл Қазақ жұртшылығы үшін атаулы жыл болды. Соның бірі Алаш Ардагерлері аңсаған, қазақ елінің азат күнге жетуінің бастамасы болған Алаш қозғалысына 100 жыл толып отыр. Тарих бетінде өшпес із қалдырған оқиғаға орай, кітапханамыздың оқу залдары бөлімінде «Алаш – азаттықтың алтын қазығы» атты кітап көрмесі ашылды. Көрмеде өткен тарихтың шынайы куәгерлері құнды архив құжаттары, ұлттың рухани жаңғыру мәселелеріне қатысты Алаш қозғалысының азаттық жолындағы азапты да тар жол тайғақ кешуін баяндайтын материалдар ұсынылды. Көрмедегі ғылыми монографиялар мен мақалалар тың тарихи мәліметтермен, «Алаш» қайраткерлері өмірінің ашылмаған кезеңдерімен таныстырады. Зерттеу еңбектерінде 1917-1938 жылдардағы оқиғаларға кеңінен түсініктеме беріліп, қазақ халқының XIX-XX ғасыр басындағы өмірін бейнеленген. Алаш зиялыларының идеялары, Алашорда қызметі, Алаш тағылымы мен мұрасы туралы Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың еңбектері де көрмеден орын алған. Бұл құжаттар қиын-қыстау жылдардағы қазақ зиялыларының үміт пен арманға толы идеяларын, қазақ халқының болашағы жолында басын бәйгеге тіккен азаматтар тағдырын ашып көрсетеді. Сондай-ақ, көрмеде «Алаш» партиясының тәуелсіздік жолындағы қызметі кең көлемде дәріптеліп, әлі де өмірі мен қызметі толықтай зерттелмеген Алаш қайраткерлерінің, оны қолдаған азаматтардың қоғамның дамуына сіңірген еңбектеріне баға беріледі.

Сонымен бірге, Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізу тарихын, егемендік алғаннан бері еліміздің рухани-мәдени жаңғыру, даму барысын сипаттайтын еңбектер де осы көрмеден орын тапты.

Осыдан 100 жыл бұрын құрылған Алашорда арманының бүгінгі көрінісі – Тәуелсіз Қазақстан. Ал, осы Тәуелсіз Қазақстан сол арыстардың бізге қалдырған аманаты. Алаш идеясын бүгінгі жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында ұйымдастырылған көрменің маңызы қашанда жоғары болмақ.

Құрметті оқырман қауым, азаттықтың алтын таңы үшін жан берген Алаш зиялылары туралы оқып, білгілеріңіз келсе кітапханаға келіңіздер, оқыңыздар!