2017 жылдың 26 қыркүйегінде сағат 11.00-де кітапхананың конференц залында Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық әмбебап кітапханасының қатысуымен ұлы жазушының 120 жылдық мерейтойына арналған "Мұхтар Әуезовтің өмір-эпопеясы" атты онлайн-конференция өтеді.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897-1961) – қазақ әдебиетінің классигі, көркем сөз майталманы. Жазушының шығармашылық мұрасы әртүрлі жанрларды қамтиды. Көркем шығарма мен пьеса жазудан бөлек, М. Әуезов орыс, батыс классикалық әдебиеттерін қазақ тіліне аударып, қазақ және түркі халықтарының ауыз әдебиетін зерттеп, сыни мақалаларға қалам тербеген. Сондай-ақ, М. Әуезовтің атын әлемге танытқан, әлем әдебиетінде суреткерлік қолтаңбасын қалдырған өр туындысы "Абай жолы" роман-эпопеясын дүниеге әкелді. Абай жолы – халқымыздың дана ойшылы, кемеңгер ұлы, классик ақыны Абай Құнанбаевтың ақындық, гуманистік, демократтық, қайраткерлік тұлғасын сомдай отырып, қазақ елінің жарты ғасырлық тарихын, өмір болмысын, тыныс-тіршілігін, салт-дәстүрін кең құлашпен суреттеп берген дәуірлік туынды. Соғыс жылдарында жарыққа шыққан роман-эпопеяның бірінші кітабына биыл 75 жыл. Ғажайып туынды жоғары бағаланып, әлемнің көптеген тілдеріне аударылды.

Конференцияға қаламыздың жоғарғы оқу орындарының арнайы мамандары мен Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық әмбебап кітапханасының қызметкерлері қатысады. Іс-шара барысында М.О. Әуезовтің қазақ әдебиеті тарихында алар орны, қазіргі қазақ қоғамының рухани дамуына қосқан үлесі жайлы, "Абай жолы" роман-эпопеясының феномені жайында сөз өрбімек. Конференция қатысушылары ұлы классиктің өмірі мен шығармашылығына қатысты естеліктерге экскурс жасайды.

Баршаңызды іс-шарамызға шақырамыз!

 Қосымша ақпарат

тел: 56-53-04, 56-72-76, 56-74-64

эл/почта: info@karlib.kz