Жыл басы Наурызбен бірге ызғарлы қыстың орнына шуақты көктем келіп, адамзатты ерекше бір көңіл күйге бөлейді. Көптен күткен төл мерекеміз – Наурызды қарсы алуға асығамыз.

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні. Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейді, жаңарады. Адамзаттың бойында қан жүгіріп, тал-теректер бүршік жарады. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезіп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы еріп, қасиетті қара жер бусанады. Ұлы даланың төсінде наурыздың нышаны – қызғалдақтар құлпыра өсіп, бел-белестерге қызылды-жасылды кілем төселеді. Әжелеріміз бен қыз-келіншектеріміз жеті түрлі дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, мерекені тойлайды. «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын!» - деп ақсақалдар батасын береді. Одан әрі қазақтың жаңа жылы көкпар, аударыспақ, қыз қуу, алтыбақан, ақсүйек, тең көтеру, арқан тартыс  сияқты ұлттық ойындармен жалғасын табады. Айтысу, ән айту, күй шырқау, би билеу барлығы осы мерекенің негізгі бастауы.

Наурыз мейрамына орай,кітапханамыздың оқу залында «Наурыз – құт береке бастауы» атты кітап көрмесі ашылды. Көрменің мақсаты оқырмандарға халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ұлттық ойындары мен наурыз мерекесінің маңызы туралы  мағлұмат беру. Көрмеге наурыз мерекесінің шығу тарихынан бастап осы күні елімізде қалай тойланатындығы және наурызға байланысты салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындары туралы сыр шертетін бірқатар кітаптар ұсынылған:

Ÿ  Наурызнама. – Алматы: Білім баспасы, 2015.  - 256 б.

Ÿ  Қош келдің наурыз. – Алматы: Өлке, 1993. – 79 б.

Ÿ  Кенжеахметұлы, С. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. – Алматы: Атамұра, 2013. – 384 б.

Ÿ  Назарбекұлы, С. Қазақтың киіз үйі. – Астана: Елорда, 2005. – 96 б.

Ÿ  Ағаш бесіктен жер бесікке дейін. – Алматы: Өнер, 2011. – 140 б.

Ÿ  Төтенаев, Б. Қазақтың ұлттық ойындары. – Алматы: Қайнар, 1994. – 144 б. және т.б.

Сонымен қатар, мерзімді басылымдар бетінде жарияланған наурызға қатысты мақалаларды да осы көрмеден таба аласыздар. Мысалы, «Дәстүр» журналының 2016 жылғы № 2 саны Ұлыстың ұлы күні – Наурызға арналған.

Құрметті оқырмандар, төл мерекемізде ойналатын ойындар мен жасалынатын ырымдар, дастарханға ұсынылатын ұлттық тағамдар туралы біліп, үйренгіңіз келсе, кітапханаға келіңіздер. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!