2017 жылдың 08 ақпан күні кітапханаға оқырман қауымы тартылды.

Негізінен, бұл ағылшын тілінің ұстаздары және шет тілі факультеттерінің студенттері. Кітапханада АҚШ Елшілігінің қолдауымен жұмыс жасайтын Америкалық бұрышта АҚШ мемлекеттік департаментінің Орталық және Оңтүстік Азия елдеріндегі ағылшын тілі бағдарламаларының үйлестірушісі Сильвия Янг ханыммен ерекше кездесу өтті.

"Жеке тұлғаға бағытталған білім беру" атты дәріспен келген басты қонағымыз әңгімесін өз тәжірибесінде болған жайттармен үйлестіре отыра, қазіргі заман талабына сай жаңа технологияларды қолдана отырып жеке тұлғаға білім беруде шет тілін меңгеру қызығушылығын арттыру қажеттілігін айтты. Жеке тұлғаға бағытталған білім жүйесіндегі негіз – сөйлеу екені, оқушыларды көбірек сөйлету қажеттілігін бірінші орынға қою керек екені де осында сөз боды.

АҚШ келген тағы бір қонағымыз, бүгінгі күні Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетінің оқытушысы болып табылатын Тарин Ю’ Хейли осы күні "Оқытудың заманауи стратегиясы"атты дәріс оқып, қазақ еліндегі осы уақыт аралығында жинақталған тәжірибесімен бөлісті.

Семинарға жиылған қауымның аталмыш тақырыптарға үлкен қызығушылық танытып, белсенді қатысуымен кездесу талқылау түрінде өтті. Жалпы кездесуге Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің, "Болашақ" Академиясы мен "Болашақ" колледжінің, Қарағанды гуманитарлық колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Мұхиттың ар жағынан келген қонақ қарағандылық жастардың білімі мен ынтасына, қызығушылығы мен танымына тәнті болып, алда тағы кездесуге құштар екенін жеткізді.