Сәкен тірі! Қазақтай елі барда... = «Сакен жив, когда есть казахский народ!...» : Жинақ / Құраст. С. Телпекбаева. – Қарағанды: Идиллия, 2019. - 264 б.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр жариялаған "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын Ұлы даланың жеті қырын атап көрсетті. Көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты. Бұл "Рухани жаңғыру" бағдарламасының жалғасы және жастарға арналған ұлттық бағдарламалардың жаңа бөлімі. Тарихты қайта қарау, халықтың өткенін тұтас қабылдау арқылы қазақстандықтардың, ең алдымен, өмірдің барлық салаларына белсенді қатысуға және қоғамның дамуына, рухани-адамгершілікке тәрбиелеуді талап ететін жастар арасында жаңа бейнесін қалыптастырады.

Биылғы жарияланған "Жастар жылының" аясында өткізілген шығармашылық байқаулар өміріне қаламды серік етуге бел буған кейінгі толқынға үлкен серпін бергені хақ. Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің аса көрнекті тұлғаларының бірі Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына арналған эссе жазу байқауы – соның айқын айғағы. Сәкен Сейфуллиннің өмірі, қызметі, шығармашылығы негізінде жастарды қазақ әдебиетінің тарихын, көркем поэзияны терең сүю, білу, зерттеу рухында тәрбиелеу – бұл байқаудың негізгі мақсаты.

 

Кейінгі жылдары қазақ әдебиетінің эстетикалық құрылымы мен жанрлық жүйелеріне шешуші өзгерістер келіп жатқандай. Батыл түрде жаңа тәжірибелер жасалып жатыр. Бұл ұлттық прозадағы көркемдік әдістердің күрделенуінен, жаңа әдеби ағымдардың орын тебуінен де айқындалады. Тенократтық дәуір талаптары эпикалық құлаштағы шығармаларды күн тәртібінен ығыстырып шығарғанын енді мойындамасқа болмайды. Эссе жанрының өзіндік ерекшеліктері, публицистикалық үні, эстетикалық шарттары бар. Аталмыш жанр бүгінгі қоғамда қордаланып қалған мәселелерді көркемді құралдар арқылы жеткізуге, өзіндік идеяны поэтикалық ізденістер аясында ұсынуға беретін мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Қазіргі кезеңде осы арқылы қазақ әдебиетінің жанрлық тұрғыдан күрделене түскендігі, әдеби қаһармандар шеңберінің ұлғайғандығы, қоғамдық санамен бірге ұлттық құндылықтар негізінде ойлау дәрежесінің де өзгерістерге бет алғанын байқауға болады.

"Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады" демекші байқауға түскен шығармалардың көркемдік-эстетикалық деңгейлері әртүрлі. Өнер атаулының ішіндегі шоқтығы биігі – сөз өнерінің әліппесін, көркем шығармашылықтың сырына әлі де болса толық қанықпағандар да, ойды көркем жүйелеуде біршама қалыптасып қалғандары да бар. Дегенмен де талапкерлер бойындағы жазуға деген құштарлық, әдебиет әлеміне деген құлщыныс қуантады.

Жансая Жарылғапов
Филология ғылымдарының докторы, профессор